Құрметті достар! Назарларыңызға жолдасым Бақытбектің мына бір өлеңін ұсынғым кеп отыр.
Менің пікірім
«Менің пікірім: Көресінді осы оралмандардан көрдік»,– Ж.Б.Ш.–Қалақай,
Иә, рас, Қалақай, оралманмын,
Бауырымын құлдықтан оңалғанның.
Қас жауымын қылымсып боянғанның,
Қандасымын ұйқыдан оянғанның.
Иә, рас, Қалақай, оралманмын,
Ұшығымын ұшталған ой-арманның.
Құл сананың мойнына, Жазмыш солай,
Іштен шыққан шұбардай оралғанмын.
Оралманмын, оныма мастанамын,
Қан сонардай кіршіксіз жас боламын.
Атың емес, ұсынсаң пейіліңмен,
Насыбайға бір атым мас боламын.
Аларымнан естіге берерім көп,
Таттым тағдыр-тірліктің кермегін көп.
Талай ұлтпен тар жерде дәмдес болдым,
Көзсіз жанды тап сендей көргенім жоқ.
Байқұсым-ау, несіне тарыласың,
Іш тарлықтан бір күні жарыласың.
Жат жұрттықтың аздай-ақ қорқаулары,
Өзіңді отап қай заман жарығансың.
Байқалмайтын иттігің, қабағаның,
Ақ жағаның жыртығын жалағаның.
Мен қабынып не етейін, еске түсед,
Абайды да өкіртіп сабағаның.
Азат емес, әлі сен құл екенсің,
Ұлттық сана, түйсіктен тұл екенсің.
Құл сананың еркінде қалт-құлт етіп,
Тірі жәндік, әйтеуір, жүр екенсің.
Созылады бұл өлең жаза берсем,
Ешкімнен де жоқ менің алар есем.
Бірдеңеңе қарамай бас көтеріп,
Шақылдамай, Қалақай, маза берсең!
Иә, рас, Қалақай, оралманмын,
Бір талымын бір ыңғай қара орманның.
Орыс, қытай жерімді тартып алып,
Отан іздеп Ордаға оралғанмын.
Оралманмын!
Бақытбек Бәмішұлы,
13.04.2008ж.
Uncategorized жазылған