Posted by: yesengul | Қараша 25, 2007

«Бөлшекте де билей бер» саясатының салдары

Бұл мақала әзірге ешқайда басылған жоқ. Алдымен сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Оқып пікір білдірулеріңізді сұраймын.

 

Айналасы 1 жылдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұлтараздығына қатысты бірнеше оқиға орын алды. Ең әуелі шетелдік инвесторлардың астамсынған пиғылына көндіккісі келмеген Атыраудағы түріктер мен қазақтар, Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы ұйғыр мен қазақ, Еңбекші қазақ ауданындағы чешен мен қазақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Маятас аулындағы күрд пен қазақ арасындағы шиеленістер кім-кімді де ойлантпай қоймайды.

Бір оқиғаның ізі суымай жатып, екіншісі орын алады. Бұл оқиғаларды сараптап отырып, кінәні қайдан іздеріңізді білмей, дал боласыз. Қазір соңғы кезде бүкіл әлемнің көзі оңтүстік өңіріндегі Маятас ауылына тігілді десе де болғандай. Қазақстандағы саяси қайраткерлердің барлығы осы мәселеге май шаммен қарап, білген-түйгендерін ортаға салып бағуда.  Еліміздегі күрд қайраткерлері де жан-тәнін салып, күрд ұлтының өкілдерін қорғаштап отыр. Ал, ресми билік қай-қай оқиғаға да ұлттар арасындағы қоламта ретінде емес, жай дау-жанжал, төбелес ретінде баға беруінен жаңылар емес. Жекелеген кейбір топтар бұл оқиғалардан саяси мән іздеп, соңына шам алып түсуде. Ақ-қарасын ажыратқан ешкім жоқ. Маятастағы оқиғаның басты себебі – 4 жасар бүлдіршінді 16 жасар жасөспірімнің зорлағаны. Ресми орган  бұл оқиғаны растаса, қылмыс жасады деген желеумен ұсталған жігіт оны мойнына алып, қылмысын мойындап та қойды. Бірақ, соған қарамастан Қазақстандағы «Барбанг» күрд қауымдастығының президенті Надир Надиров бұндай қылмыстың орын алмағандығын айтып, бірнеше басылымға сұхбат берді. Олардың көлденең тартар уәжі – «зорланған баланың ата-анасы неге бірден ішкі істер органдарына шағымданбаған, сегіз күн бойы тіс жармай келеді де, аяқ астынан сотқа арыз береді, ал баланың зорланғаны рас болса, ол неге жеңіл жарақаттанған» дегенге саяды. Қалай дегенмен де, ұлтараздығының анда-мұнда жиі өріс көрініс табуы – еліміздегі ұлттық саясаттың жолға қойылмағандығының салдарынан. Бұл империялардың бөлшекте де билей бер саясатының жемісі. Елімізде ұлт саясаты дұрыс жолға қойылған болса, әрбір инцидент орын алған сайын ішкі істер органының өкілі оқиғаға қатысушылардың ұлтын тәптіштеп айтып отырмас еді. Яғни, «чешен қазаққа  немесе күрд қазаққа қарсы» деген сияқты. Бұл жергілікті ұлт өкілдерінің ұлттық намысын жанып, қылмысқа итермелегенмен бірдей екенін ресми орган өкілі сезбеді дейсіз бе? Сезеді, бірақ, әйтеуір ұлтын анықтап, отқа май құюға әуес болып тұрады. Заң алдында күрд пе, шешен бе, қылмыс жасаған адам біреу ғана болуы тиіс. Қылмыскер, әрі Қазақстан Республикасының азаматы. Болды. Оның атын атап, түсін түстеудің қажеттілігі шамалы. Бұл жерде террористік акт орын алып отырған жоқ қой. Демек, қылмыстың арықарай ұлттық сипат алуына ресми билік органдары тікелей кінәлі.Ал, еліміздегі өзге ұлт өкілдерімен салыстырғанда, әлеуметтік дәрежесі төмен, ұлттық рухы тапталған, тілі әлі мемлекеттік тұғырға қонбаған, әрі онысына іштей наразылық танытып жүрген қазаққа «қазақтың баласын күрд ұрып кетті» деген желеудің өзі жетіп жатыр, өре түрегеліп, атойлап шыға келеді. Қазір билік жер-жердегі ұлтараздығын күшпен басып отыр. «Күш қазандай қайнайды, белдесерге дәрмен жоқ» деген сияқты, жергілікті ұлттың ашу-ызасына төтеп бере алмайтын деңгейге таяп жүрміз. Бір жылдың ішінде бірнеше ұлттық сипаттағы оқиғаның орын алуы осының көрінісі. «Фергана. ру» сайтында 19-қараша күні «Нападения на дома этнических курдов в Казахстане продолжаются» атты мақала басылды. Дәл осы мақалада еліміздің құрметті азаматы, академик Надир Надиров Түркиядағы күрдтер ереуілі жайында айта отырып, «Курды сейчас, как никогда, с очень высоким сознанием, едины, сплочены, против водометов турецкой армии они идут с лозунгом «Хватит, терпение лопнуло! Убивайте!»Что касается курдов в Казахстане, мы тоже сплочены» дегенді айтады. Сөйте тұра, өмірі болмаған «Күрдістан» жайында сөз қозғайды. Міне, бұл да біртұтас ұлттық саясаттың жүзеге асырылмағандығының белгісі. Қазақстандағы күрдтер біртұтас болып, кімге қарсы шықпақшы? Бұл жағы бұлыңғыр. Қазақстан күрдтердің отанын тартып алып, халқын азаппен жаншып отырған жоқ қой.  Осыдан біраз уақыт бұрын террорлық актілерге қатысқаны үшін Қазақстанның ұлты күрд 7 азаматы азаматтығынан айрылғаны белгілі. «Свободный Курдистан» газетінің бас редакторы Ишхан Мироев бұл оқиғаның артында түріктер тұр деген пікір айтқан. «Все это очень грустно, очень грязно, имеет политическую окраску, и направлено не только против курдов Казахстана, но и против всех курдов, где бы они ни проживали. А они живут в России, в других странах СНГ, в Европе, в Курдистане… Я уверен, это будет продолжаться и дальше, турецкие власти любым путем стремятся спровоцировать курдов, где бы они ни жили. Вот в Казахстане недавно был закрыт наш Курдский дом, который находился в Алма-Ате. Его закрыли под предлогом, что он является ячейкой Рабочей партии Курдистана (РПК). Депортировали четырех наших товарищей. В прошлом году власти Казахстана арестовали одного курда, члена РПК, и выдали его туркам. Все это – звенья одной цепочки».Сонда чешендермен арадағы қақтығыстың соңында кім тұр екен? Чешенстанның мемлекеттігін мойындамай отырған Ресей ме? Болып жатқан оқиғаның барлығы – шын мәнісінде тұрмыстық кикілжің болуы әбден мүмкін. Ал, оның бояуын қалыңдатып, ұлттық реңк беріп отырған өзіміздің билік. Оқиғаға қатысушының ұлтын нақтылау арқылы, істі насырға шаптырудамыз. Егер, «қазақтың баласын күрдтің азаматы зорлады» демей-ақ, «4 жасар бүлдіршін зорланды, қылмыскер ұсталды» деген хабар таратылғанда, оқиғаның соңы бұлай насырға шаппас па еді, кім білсін? «Бөрінің бөлтірігін асырасаң тауға қарап ұлиды» деген нақыл бар. Қазақстандағы жүзден астам ұлт өкілдерінің басындағы жағдай дәл осы нақылды еске түсіреді де тұрады. Орыс Ресейге кеткісі жоқ, бірақ, орыс мәдениетінің айналасында топтасып, орыс тілінің мемлекеттік тұғырдан түспеуіне мүдделі. Ұйғыр – тәуелсіз ұйғыр мемлекетін аңсайды, күрд – Күрдістанның тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін Қазақстанда «Күрдтер үйін» ашады. Тиым салынған ұйымдарға мүше болады. Казактар жеке армия жасақтайды. Үй ішінен үй тігіп, бүйректен сирақ шығарып отырса да, біздің мемлекет былқ етпейді. Алтыбақан алауыздықтың салдары, ортақ үйіміздің шаңырағын ортасына түсірмей ме деген ой ешкімді мазаламайды. Ұлттық саясатты түбірімен өзгертіп, халықты біртұтас идеяға жұмылдырмайынша, бұл жағдай ушыға түсетін болады. Сол себепті де, біз ұлттық саясатты шешуде эмигранттар мемлекеті – Американың емес, ұлттық мемлекеттер – Түркия, Германия, Францияның жолын ұстануымыз керек. Елімізде жүзден астам ұлт түгілі, мыңнан астам ұлт өкілі тұрса да, бір атаның баласындай, біртұтас Қазақ елі үшін барын салатын болғанда ғана, ұлттық сипаттағы кикілжіңдерге де орын бола қоймас.

Advertisements

Responses

  1. «ұлттық мемлекеттер – Түркия, Германия, Францияның жолын ұстануымыз керек»

    Ұлтық мемлекет бола аламыз ба? деген сұрақты алдымен сұрағым келіп тұр.
    Бұл деген сөз 60% қазақ ұлты Қазақстанның элитасында болу керек деген сөз. Ал әзіргі жағдайға қарасақ көптеген атқарушы орындарда әлі орыс немесе орыс тілді қазақтар бар. Қазақстан әлі ұлттық сипатын толық белгілей алған жоқ. Осындай жағдай да қалай ұлттық мемлекет саясатын ұстануға болады? Мен өз басым көп ұлтты саясатты қолдаймын, бірақ қазақ ұлтының доминантын қалаймын.

    Ал жоғардағыдай ұлтаралық кикілжіңдер әр бір мемлекетте(егер 2 немесе одан көп ұлт өмір сүрсе) бола беретін көрініс. Мысалы, өз басым Моңғолияда жүргенде де Моңғолдар мен Қазақтардың арасында да кейде кезігетін.

  2. Сәлеметсізбе! Мен Гаухардың інісі Жангабыл едім! Сайттан сіздің аты жөніңізбен көрсетілген сілтемені байқап қалып, ойланбастан кірі, қарап шықтым. Жазған мақалаларыңыз өте маңызды мәселелерді қамтыған екен! Маған ұнады! Қызыметіңізге табыс тілеймін!


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: