Posted by: yesengul | Мамыр 3, 2008

Менің өмірбаяным

Құрметті достар! Жақында мен ұлт үшін жүрегін суырып беруге дайын-ау деген бір адаммен сөзге келіп қалдым. Ол кісінің ұлт үшін жаны шырылдап жүргені бер жағы ғана екен. Ар жағында топтық, кландық, қала берді рулық деңгейден аса алмапты. Олай дейтінім, ол кісінің ойынша, оралмандар – елдің арасын бүлдіріп, оның ата-анасы төлеп жатқан салықты жеп жатыр екен. Митталдың, Кимнің, Машкевичтің қазақтың байлығын кенедей сорып, талан-таражға салып жатқаны ештеңе емес. «Ит жесін, шошқа жесін, бірақ, қазақ жемесін» деген пиғылдағы жан екен. Қазақтың зиялысы бұндай ойда болған басқа жұрттың не ойлайтындығын еске алудың өзі қиын. Сондықтан мен өзім ашқан блогымда туған жерім, өскен ұям туралы сөз қозғамақпын. Менің бұл күнделігім арқылы сіздер де шетте жүрген қазақтың арман мақсатымен, өскен ортасымен, туған жерімен таныс болады және аз да болса ақпарат ала алады деген сенімдемін.

 

Мен туған ұя

 

1972 жылдың шіліңгір шілдесінде (мінезімнің ыстық болуы да содан болар бәлкім) Кәп  пен Егеуханның отбасында сегізінші бала боп дүниеге келіппін. Мен туғанда біздің үй Сулы Қарағайты деген жерді жайлап отырған екен. Басын мәңгі мұз шалған Моңғол Алтай тауларының бір сілемі – Цамбагарав (биіктігі – теңіз деңгейінен 4200 метр, қазақшаласақ – Цамба шыққан дегенге келеді. Бірақ, кейбір ғалымдар бұл мүлдем олай емес, керісінше Цамбагариг – яғни жұлдыздармен астасқан деген тибет сөзі деген де ой айтады) шоқтығын жағалай жайлаған елдің жайлауы да, мекені де қилы-қилы еді. Сол жылы, яғни мен дүние есігін шырылдап ашқан жылы біздің үй қия беттегі қарағайлы нудың жанында жайлаған екен. Алайда, мен дәл осы мекенге есім білгеннен кейін барған емеспін.

Іштен әлжуаз, әрі шала боп туған мен «шетпе» деген аурумен ауырыппын. Бұны қазір түсіндіру қиын. Әйтеуір, ауруханада маған ем қонбайды, адам болуы екі талай деп шығарып жібереді. Сонда әжем (әкемнің анасы) «осы баланың қарызы мойнымда кетпесінші» деп мені қойнына тығып алып, төменгі жақта отыратын Тойбазар емшінің үйіне келіпті. Апамның замандасы (әжемізді апа дейтінбіз) атамыздың көзін көрген ақсақал, коммунизмнің қылышынан қаны тамып, «шаш ал десе, бас алып», қазақы ғұрыппен емдейтін емшіліерге қырғидай тиіп жатқан заманда, мені емдеуге аздап жүрексінсе керек. Алайда, апамның көңілі үшін, әрі емшілік парызы үшін қолына алып, қарап жіберіпті де, «ойбай-ау, апасы, балаңызға шетпе өтіп кеткен екен. Обал жасапсыңдар, ертерек әкелмей. Бір көк серкешке шамаң жете ме?» деп күшейіпті. Бар билік өзінде апам, коммунист ұлы мен келінінен қаймыға қоймайды. Ол кісілер жұмыстан келгенше, көк серкешті жайғатып, етін былқытып асып, Тойбазарды үйге шақырып қойыпты. Тойбазар шал мені көк серкештің терісіне орап, ішегін жылыдай қойып емдеген екен. (Кейін осы тәсілді өз көзіммен көрдім қаладағы әпкемнің баласы 8 айында, қалақтай ғана тұрпатымен, өспей, қатты ауырыпты. Сонда баласынан айрылып қалам-ау деп уайымдаған әпкем оны бізге аттандырып жібереді. Баланы самолеттен күтіп алған анам, жолай ауруханаға соғып, система жалғатып алады да, ауылға тартады. Сонда дәрігерлер баланы көріп шошып кетіпті. «Ауыртып аласың-ау, осында жатып емделсін», дегенге қарамай ала жөнеліпті. Үйге әкелгеннен соң, кешқұрым апақ-сапақ уақытта бір ешкіні жәркемдетті де, ішегін жылыдай алып, әлгі жиенімді орап тастады. Бұған дейін ұйықтамай, шырылдап тұрған бала, аяқасты тынышталып, ұйықтап кетті. Содан теза арада оңалып кеткені).

Содан кейін мен де тез ет алып, тез оңалыппын.

 

Менің отбасым

 

 

Біздің отбасын сол өлкедегі қазақтар – ақындар отбасы дейтін. Әкем Кәп Құмарұлы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, ақын, атбегі, анам Егеухан Мұқамәдиқызы – кітапхана меңгерушісі, айтыс және жазба ақыны.

Әкем де, анам да үнемі ой үстінде, өлең жазумен шығармашылықпен айналыса жүріп, 10 баланы тәрбиелеп өсіріп, жұмыстарын да жоғары деңгейде атқара білген. Әкем мен анамның бұл тірлігіне ең үлкен қолғабыс жасаған кісі – жасы 90-ға келіп о дүниелік сапарға аттанған әз әжеміз Қадыби еді.

Әжем 1913 жылы (қай мезгіл екенін білмеймін) Қытайдағы қазақ өлкесі Алтай аймағының Көктоғай ауданында Көңіл деген кісінің үйінде дүниеге келеді. Көңілдің Ыңғай деген қызы Құмар молдаға ұзатылады екен де, көп ұзамай, дүние салыпты. Алайда, Құмар молда қайын жұртынан алыстағысы келмей, сүйек жаңғыртып, Қадыби әжемді қайта айттырып алыпты. Әжем Құмар молдамен некесін қиғанда 16-17 жастағы қыз болған екен. Небәрі 7 жыл отасып, атамызды Моңғолияда сталиндік репрессияның салдарымен молда болғаны үшін ұстап кеткенде, 25 жасында, 3 шиеттей баласымен, шалының тілеуін тілеп қала беріпті. Сонда әкем 5-те, Қазиза әпкем 2-де, Зағила әпкем – дүние есігін жаңадан ашып жатыпты. Әжем 60 жыл бойы атамызды оралады деп күтті, әкеміздің тілеуін тіледі. Құмардың шаңырағын шайқалтпай, жалғызынан өсіп-өнген немере-шөберелерін медет тұтып, намазын қаза қылмай өмірден 2003 жылы өтті.

Әкем – 1933 жылы көктем мезгілінде Көктоғай ауданында дүние есігін ашқан. 1935 жылы біздің отбасы Қобда бетіне қоныс аударады. «Қобда беті» дегеніміз бүгінгі Моңғолияның Баянөлгий аймағы.

Анам – 1940 жылы Мұқамәди деген қоңторғай шаруаның үйінде екінші перзент болып туылған екен. Әкем 25 жасында, анам 17 жасында тұрмыс құрыпты. Мен әкемнің 39, анамның – 32 жасында өмірге келген екенмін. Маған дейінгі аға-әпкелерім: Тамара, Әмірхан, Бәделхан, Нұржан, Рашитал, Бұлбұл, Тәттімбет, менен кейінгілері – Естай, Дәулеткерей. Байқап отырсаңыздар, біздің үйдің балаларының атауында ақын-күйшілерді есімдері көптеп кездеседі. Әкемнің ақындық арманының асқарын бағындыру жылдарындағы есімдері деп ойлаймын. Соның ішінде 1970 жылдың тамызында Тәттімбет дүниеге келерде, әкем түс көріпті. Анам перзентханаға кеткен күні екен. Түсінде сол перзентхананың акушеркасы: «Тұр, Кәп, неғып жатырсың, ақ түйенің қарны жарылды. Егеухан ұл тапты, атын Тәттімбет қоярсың, артынан Дәулеткерейі ерер» депті де жоғалып кетіпті. Әкем ояна келсе, түсі екен. Апамды оятып, түсін айтып, бір бата жасатып алып, құстай ұшып, перзентханаға келсе, анам шынында босанып қойған екен. Одан кейін Дәулеткерей 7 жылдан соң дүние есігін ашты. Соңынан ұл ерсін деп, менен кейінгі қыздың атын Естай қойыпты.

Есімді қашаннан, неше жасымнан бастап білетінімді білмеймін. Бірақ, менің есімде тіпті, яслидегі кейбір өмірім қалып қойыпты. Үйде әжем барына қарамай, біз балабақшаға қатынаймыз. Бала күнімнен күндізгі уақытта ұйықтамаушы едім. Қиялым үнемі биіктерді шарлап, бір жаңалық ашуға немесе елден ерек адам болуға талаптанатынмын да жүретінмін. Яслиге барып жүргенімде, сол қиялыммен ұйықтай алмай жаттым. Баланың бәрі пысылдап ұйықтап кеткен. Басымды ақырын көтердім, жан-жағыма көз салдым, сөйткенше болған жоқ, тәрбиеші де келе қалмасы бар ма, жата қалдым, Сағила деген апай еді. Кейін білсем өзі біздің рудан, әпкеміз болып келеді екен. Келді де мені ауырлау бір нәрсемен қойып қалмасы бар ма, «неге ұйықтамай жатсың?» дейді тағы. Қатты ауырсындым. Бірақ, үйдегілерге тіс жарып үндемедім.

Бала күнімнен әрбір нәрсенің мағынасын білуге қатты ұмтылатынмын. Біздің үйге анам «түйеші  аға» атап кеткен, тағы бір рулас ағамыз келді. Есік алдына ақ түйесін шөгеріп қойыпты. Аулада ойнап жүріп, «Түйешінің түйесі» деген тіркестің бір-бірінен айырмасын біле алмай дал болдым. «Түйешінің түйеші» – қандай айырма бар? Қызық.

Тағы да есік алдында ойнап жүріп, «ауланың» қалай аталатындығын біле алмай есім кетті. Дала, «біздің үйдің даласы, бұл жер өзге ешкімге тиесілі емес қой. Ендеше, ол біздің даламыз болуы керек» деп ойладым. Одан арыға қиялымның шамасы жетпей қойды.

Яслиді аяқтап бала-бақшаға барғаннан кейін де, менің тірлігім оңалып кеткен жоқ. Ұйықтамағандығым үшін тәрбиешілерімнен таяқ жесем, балалар да сол үшін айыптайды. Талайынан таяқ та жедім. Кейбіреулері бала-бақшадан қайтарда беретін кәмпитімді тартып жейді. Алайда, үйдегілерге шағына бермеймін. Көбіне томаға-тұйықпын. Біздің бәріміздің арқа сүйеріміз менің алдымдағы ағам Тәттімбет. Ол бақшада жүргенде, арқаланып, дүрдиіп жүреміз. Ол бармай қалса, басымызға қара бұлттың үйірілгені. Бір күні Тәтту ауырып қапты, апам жібермей қойды. «Тәтту бармаса мен де бармаймын» дедім, Естай да, Дәулеткерей де менің соңымнан еріп, бақшаға байкот жарияладық. Бірақ, апам онымызды құптай қоймады.

 

Advertisements

Responses

  1. Ol kisi kim edi Esengul apai?

  2. Өте қызық екен. Нағыз қазақ өмірі. Кәсіби журналистер осылай дүниеге келген екен-ау.
    Әсіресе, яслидегі тәрбиешіңіз қызық екен. Кіп-кішкентай баланы ұйықта деп ауыр затпен ұруға бола ма екен? Сіз де қайтпайды екенсіз 🙂
    Жалғасын күтемін. Тек қысқа-қысқадан орнатып отырсаңыз деген өтініш бар.

  3. Менімен бірге жұмыс істейді. Әжептәуір аты бар. Арықарайғысын айтпай-ақ, қояйын.

  4. Асхат, оқып пікір қалдырғаныңа рахмет. Өзім де қысқа жазған жөн шығар деп жүрмін. Алла қаласа келесі жазбамның аты «Мен туған жер немесе ауыл» деп аталады. Өз ауылым туралы қысқаша сипаттама бермекпін.

  5. Koship kelgesin Auylga bardynyz ba?

    Tugan jer kashan da kozge ystyk korinedi goi!

  6. Қайтесіз ренжіп бір жаманға, айналамызда адал, ақкөңіл, ниеті түзу адамдар көп қой. Блогыңыз қызықты жазбаларға толсын

  7. Иа, Бақытнұр, ең соңғы рет 2004 жылы болдым. Өзіміздің қыстауға барып, құдығымнан су іштім. Сол құдықтан су іше алмай арманда жүруші едім. Біздің үй көшіп кеткенде, мен Алматыда оқуда болатынмын. Көшіп келді деп естігенде, екі нәрсеге қапаландым, «Қыстауды кімге қалдырды екен? Көк жорғаны кім алды екен?» деп. Машинадан түсісімен көзіме оттай басылған қыстауға қарай жүгіре жөнелдім. Күз кезі еді. Үлкен ақшаңқан киіз үй тігіліп қойыпты. Кірсем, өзімнің жақын нағашым Әшім деген кісі отыр екен. Ол кісі маған құдықтың көзін қалай аршығанын айтты. Біздің үйдің табалдырығы ғана сақталыпты. Ал, әкем еккен талдар жайқалып тұр екен. Қашамыз кең еді, ат шаптырым десе де болғандай. Ішін көгалдандырып, жайқалтып қоятынбыз. Баяннурға барған болсаң, стадионның алдындағы, Танц таудың жанындағы ең шеткі тұрған үй.

  8. Bayannurga barmaganmyn, Birak jailauyna jakyn jerlerge bargamyn. Olnor, Erget 🙂 degen jerlerge.

  9. Керісінше, мен Эргэт мен Олоннуурда болмаған екенмін. Олоннуурдың жанынан Алтанцөгц, Өлгийге қарай кетіп бара жатқанда талай өткенмін. Қос аққуды үнемі көретін едім, көлден. Бір жылы қыста машинамыз бұзылып, Олоннурдың маңайында далада қалдық. Сол кезде жан таласып анадайда кетіп бара жатқан машинаны тоқтатуға күш салғанымыз есімізде. Бала едік ол кезде.

  10. Бақытгүл, көңіліңізге рахмет. Сізге де жақсылық тілеймін.

  11. Суреттер өте әдемі екен.

  12. Кейде озiмiздiн, кандастардын тозiмдiлiгiне тан калам, мактанам, кейде ашынам. Бугiн арiптес бiр курбымнан хат алдым. Озi елден жырак жур. Университетте окып жургенде бiр курстас кызынын «мен – кожанын кызымын, кара казакка тимеймiн» деп кергiгенiн ангiме етiптi. Хатты оки сала каным басыма шапшыды! Букiл бiр ултка, улт болганда да касиеттi казакка карсы соз айтуга, казакты былапыттауга кандай кукыгы бар едi?! Осыдан бiрнеше гасыр бурын казактын сайын даласына дiнтаратуга келген миссионер арабтын урпактары ендi «кара казак» деп ангiме айтуга кошкен бе?! Тiптi, кожанын аксуйек «екенiне» алi кунге сенiмi камiлдер кездеседi арамызда. Ал менiн кулкiм келедi! Аксуйек болган куннiн озiнде казактын асын iшiп, аягын тебу адамгершiлiкке жатар ма едi? Осындай топастарды тайрандатып койган жалпакшешейлiгiмiзге куйiнем. Ал алгi «аксуйек карындас» карапайым казк жiгiте турмыска шыкты. Оз басым оны адам ретiнде де, жiбi тузу айел ретiнде санамаймын да. Гайбат соз айту – ауыр куна. Менiн жазгандарым осек емес. Арине, кандай омiрдi каласа, сондай жолды тандау – аркiмнiн жеке басынын кукыгы. Балкiм, алгi сонынан соз емес, «шоп еретiн» асылтукымдаста» шаруам да болмас едi, бiрак КАЗАК ултын сонша корлаганына намысым келдi.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: