Posted by: yesengul | Мамыр 31, 2008

Менің өмірбаным (жалғасы)

Көк жорға

 

Менің әкемнің ақындығы мен мұғалімдігінің сыртында атбегілік қасиеті бар еді. Біздің үйдің шарбағында 25 жыл бәйге бермеген Алаяқ аттың басы ілулі тұратын. Ол – жүйрік болған десетін. Содан кейін де әкем жүйрік пен жорғадан қол үзбеді. Мен ес біле бастаған шағымда біздің үйде Күрең жорға болды. Кейіннен оны ағамның қайын жұртына құдалыққа барғанда байлады. Содан кейінгі маңдайымызға бергені – Көк жорға болды.

Әкемнің ат құмарлығын көп ел әпенділікке де балайтын. Әпенді демей қайтсін. Ылғи жорға құлын табатын көк биенің ішіндегі құлынға құда түсіп, 1200 төгрөгті санап беріпті. Тамыры Хамитханның көк жорғасы бәйгеден алдын бермей, үнемі озып келе береді. Сол жылы Көк жорғаның анасы көк биенің іш алғанын білген әкем тамырымен бәстескен екен. «Егер ішіндегі құлыны еркек болса менікі, ұрғашы болса сенікі» деп алдын-ала келісіп, ақысын беріп қойыпты. Ол кезде бұл әлі тумаған құлынның емес, соғымға сойылар жуан аттың бағасы, әкемнің 1,5 айлық жалақысы. Осы әңгіме әлі күнге дейін ел аузында. Сол жылы бір жылы ұрғашы, бір жылы еркек құлын табатын Көк бие  әдетінен жаңылып «еркек» құлын тауыпты. Құлынды үйге алып келгенде өңі қызыл тарғыл сияқты көрінді. Барлығымыз жабылып оған Қобыландының Тайбурылына ұқсас Тайқызыл деп ат бердік. Құртқаша Тайқызылға «түтікпенен су беріп, түндікпенен күн бермесек те», жанымыз осы құлынның үстінде болды. Құлын жылдар өте келе қызыл тарғылдан қара көкке, сосын көкшуланға айналды. Ақыры ағасы секілді ел де оны Көк жорға деп атайтын болды. Жорғасынан бір таймады. Жорғаға жас балалар шаппайды екен, әкем өзі шабандозы болды.

Бір қызығы тойдың бәрінде Тайқызылдың ағасы көк жорға алда келеді. Тайқызыл екінші. Бұзылмайтын заңға айналды. Бұның себебін әкем оның тізгінін тартып отырғандығымен түсіндіреді. Ағасынан інісі озбауы керек дейді. Сөйтіп, Кәрібоз бен Салторы жайлы аңызды әңгімелеп беретін. Салторы Найманның бір барымтасы кезінде биенің ішінде кеткен құлын екен. Тарлан (Кәрібоздың жас күніндегі аты) Керей ішінде қалып кеткен Салторының ағасы. Бір үлкен аста Керейдің аламанға шабар жінтікті жүйрігі болмайды. Кәрібоз болса қартайған. Бәйгеге шабар түрі жоқ. Найманның Салторысының атағы дүйім жұртқа жайылған. Асқа келмей жатып, «Бәйгемді шаппай бер» деп шалқаяды Салторы иесі. Керейлер намысқа қызып Кәрібозды бәйгеге қосады. Әкемнің «Кәрібоз» атты дастанында ол былай суреттелген:

Керейде үміт артар ат қалмаған,

Ақтарлан бір кәрі ат боп бапталмаған.

Найманның Салторы аты келген екен,

Сан тұлпар шабысына шақ болмаған.

 

Алкеуде ат иесі қызу қанды,

«Бәйгемді шаппай бер» деп айғай салды.

«Сондағы бәйге алмайтын бізбе екен» деп

Екінші жақтан бірі шщамырқанды.

 

Салторы ат бола қалды көпке әйгілі,

Әркімнің ойы күпті, іш қайғылы.

Қызынған гу-гу кеңес найман жағы,

Өзіне балап тұрды бас бәйгіні.

 

…Арқасы арылмаған сары жүннен,

Ақтарлан тойға келген бала мінген.

Әшімтай немересін тепкішекке

Мінгізіп ырым етіп ала келген.

 

Шыққанда дараланып топтан саңлақ,

Ұшқанда тозаң тартып жерден шаңдақ.

Ақтарлан аласұрып тоқтамайды,

Қалтылдап кәрі жыны қысқандай-ақ,

 

Көргенде шыққан топты ұшарласып,

Ортаға ойнап шығып еткен машық.

Ұйтқиды қабырғалап, қылаң ұрып,

Жас төгіп есінейді аузын ашып.

 

Дейміз-ау: «Мынау жазған білсін нені»

Бұлқынды босана алмай, күрсінді енді.

Жер тарпып, оңды-солды омыраулап,

Арқырап үш мәртебе кісінеді.

 

Сұңғыла бір қария көзқарақты,

Қылығын Ақтарланның байқап қапты.

«Бәйгіге жібер мынау жануарды,

Қайтарма, маңдайыңа келген бақты».

 

Біреулер «Мынау жолда қалар» десті,

«Иесі құрбанға оны шалар» десті.

Кейбірі қайдан білдің бұл Кәрібоз

Бәйгіні осы жолғы алар десті. (Кәп Құмарұлы «Кәрібоз», Астана: Елорда, 2001).

Аламан көмбеге жақындағанда Кәрібоз бен Салторы өзгелерінен қара үзіп шығады. Салторының бәйге берер түрі жоқ. Сонда Кәрібоз жарықтық дүркін-дүркін кісінеп жіберіпті. Неге екенін осы сәтте Салторының шабысы бәсеңдеп, арыны азая береді. Салторыдан оза бере Кәрібоз оны құйрығымен екі салыпты деседі аңыз. Көмбеге жете Кәрібоз тізгін ұстатыпты да, мерт болыпты. Қазақтың бүкіл күйшілері осы аңызды күйге қосып

 «Алыспан да, шабыспан,

Салторыдан қалыспан.

Салторыдан қалыссам,

Жабағыға алыспан» деп шертіпті деседі. Демек, Салторы арындап шауып келе жатқанда, Кәрібоз анасының дауысына салып кісінейді. Ол Салторының өз інісі екенін шабысынан таныпты-мыс. Таныс дауыс құлағына келгенде Салторы еріксіз аялдаған. Кәрібоздың Салторыны құйрығымен салып өтуі, інісіне деген назы болса керек.  Әкем осы аңызды «Кәрібоз» дастанында сәтті пайдаланды. Шығарма жақсы бағасын да алды. Үнемі осыны ескерген әкем Тайқызылдың Көкжорғадан озуына мүмкіндік бермеді. Кейін көшерде Тайқызылды біреу сатып алыпты. Біраз жылдар бәйге бермей, Кәптің жорғасы атанған екен. Қазіргі тағдыры белгісіз. Біз көшкенде жуан ат болған Тайқызыл қазір Кәрібоздың кебін киіп қартайғанда шығар. Кім білсін…

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: