Posted by: yesengul | Мамыр 31, 2008

Менің өмірбаяным (жалғасы)

«Бәйге төбе»

 

Жаздай мал мен адам аяғы баспағандықтан ба, күзде қыстаудың ауасында бір ерекше балғындық болушы еді. Шалғынның иісі. Мұрныңды неше түрлі гүлдер мен шөптердің жұпар иісі қытықтап, қиялыңды қай-қайда шарықтатып әкететін. Сол кездегі көкжиектің көкпеңбек болатынын-ай. Аспанмен астасқан қызыл тауларға батар күннің ал қызыл реңі шағылысқанда, гүлгін түске еніп, адам тілі айтып жеткізгісіз суретке айналатын.

Күздің алғашқы айында Баян-Өлгий аймағының өзге сұмындарының маңдайына бұйырмаған – сабан той өтеді мұнда. Жеміс-жидек жиналып, көкөніс қамбаға салынғаннан кейін егіншілердің еңбегі бағаланып, түрлі сыйлықтар үлестірілетін. Той біздің есік алдындағы стадионда балуандардың күресінен басталып, ел «Бәйге төбе» атап кеткен ауылдан қайтсе он шақырым қашықтықтағы қызыл төбеде жалғасады. Мұнда  аламан бәйгенің қызығын тамашалаймыз. Бәйгеге – тай, құнан, дөнен, бесті, жорға қатыстырылатын және аламан бәйге үлкен жүйрік аттардың бәйгесі. Аттар 30 шақырым жерге айдалады. Жер күдір, тастақ. Бірақ соған қарамастан тағалы аттарды алысқа айдап, мұнда қалғандарымыз күтіп отырамыз. Комиссия мүшесіне сайланған адамдар айдалған атпен бірге кетеді. Кейі аттылы, кейі бізде аса көп таралған «Газ-69» машинасымен шығады. Әр сайысқа арнайы тағайындалған комиссия бар. Олар жолдан көлденең біреулердің қосылып кетпеуін, жорғалардың жол жорғалатып, арасында жорғасынан таймауын қадағалайды. Тіпті, Құлагердің басын алған Батыраштың балтасынан да бәйгеге қосылған тарландарды сақтау қажет. Комиссия мүшелері барынша адал болуға тырысады. Дегенмен, өкпе-реніш болмай қалмайды.

Аламан бәйге тек күзде сабан тойда ғана болмайды. Ең үлкен бәйге жазда шілденің 11-13 күндері аралығында өтеді. Бұл күн Моңғол Республикасының әлемге жеке ел болып жарияланған күні. Сол себепті де, бүкіл халық болып, ерекше той думан ғып өткізеді. «Ердің үш сайысы» аталған моңғол халқының ұлттық ойындары – ат жарысы, балуан күресі және садақ ату сайыстары ұйымдастырылады. Көшпенділердің ұрпағына тән бұл ойындар қазаққа да жат емес. Қазақтар бұл тойға өздерінің ұлттық нақыштарын қосып, той барысында «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Көкпар», «Айтыс» секілді ұлттық ойындарынан да сайыстар өткізеді. Сондай-ақ, «1-мамыр – еңбекшілер күні» де ат жарысынсыз өтпейтін. Демек, жылына мұқым ел бірнеше аламан бәйгенің куәсі болады. Соның ең шоқтықтысы – шілдедегі бүкілхалықтық мейрам. Ат десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Бәйге төбенің басына жиналып қол жеткені дүрбілеп, қолы жетпегені күн салып келе жатқан атты тамашалайды. Бұл екі күнге созылады. Өйткені бір тойда 6 түрлі жарыс өтеді. Құнан, дөнен, тай, бесті, үлкен ат және жорға. Жорға – моңғолдарда кездеспейтін жарыс түрі. Ол тек қазақ атбегілерінің жарысы. Моңғолдар оның орнына айғыр жарыстырады екен. Ұлттық аймақ деген статусы бар Баян-Өлгий бүкілхалықтық мейрамның өзінде өзіне тән ұлттық ерекшеліктерін сақтауға талаптанған. Бәйге төбе  жолдасым Бақытбектің «Ат» деген мына өлеңінде жақсы суреттелген.  

 

Ат

 

Ат дегенде қазақтың жаны бөлек,

Ар жолында намысын жанып өлед.

Ат жалында ержетіп, құлағында

Ойнап өстім сырына қанып ерек.

 

Байлау, баптау – бек өнер – ат жарату,

Ұйқы күлкі көрмей күн асқар асу.

Аттың ащы терінің дәмін татып,

Ат дегенде ақылды жалт қарату…                   

                      

Сөзге сараң ат қосқан еһіленіп,

Қайтеді бір арманын екі бөліп.

Әлсін-әлсін көз қырын атқа тастап,

Қас-қабағын бағады мекіреніп.

 

Аспан астын алады қандай ұран,

Айтып әке аз ғана мән жайынан.

Аттандырды жел тоқым, атқа жеңіл,

Баласының бір иіскеп маңдайынан.

 

Бала мінген құнанды қосарға алып,

Оңнан, солдан көмбеге жосар халық.

Бір төбеге сиыспай, биікке өрлеп,

Үлкен Қура басынан тосар барып.

 

Айнал соқтап қасында қостағаны,

Анау қырға қадалып тостағаны.

«Ат бәйгелі болсын» деп қауқылдасар,

Қосқаны да бәйгеге ат қоспағаны.

 

Дүкен қызар гу-гу-гу көмбе басы,

Жүрек лүп-лүп іркілген көзге жасы.

Қай аруақ бұл күні аунап түсіп,

Қай атаның домалар өрге тасы.

 

Қас жүйріктей ширығып ерікпесе,

Құлақ түріп дүбірге елікпесе,

Қойып жерге ат десе ішкен асын,

Қазақ-қазақ бола ма желікпесе.

 

…Тіл және сақ жоқ талас ұлт арманы,

Таймас тағдыр тағалы ұлтарғаны.

Бір тұқымы тағының қазақ екен,

Тұла бойы тулаған тұлпар қаны….

                         

Тағат бітті. Таусылды қыжыл, шыдам.

Аударылып ат қайтты Құжыртыдан.

Жер қыртысын қопарған зымырандай,

Көтерілді аспанға қызыл тұман.

 

Құжыртыдан ат қайтты атқан оқтай,

Қарашада қамысқа жаққан оттай.

Жер солқылдап алқапты өртке орап,

Бара жатыр жел соқпай, боран соқпай.

 

Диірмендей айналып дала жүзіп,

От үстінде отырған бала – жүзік.

Ытқып шыққан топ шоқтай қалың өрттен,

Бес ат кетті әп-сәтте қара үзіп…

 

Жері қатты Бұлғынның жоны бұдыр,

Ор, жыралы, тастақты жолы күдір.

Бара жатыр құйрықты жұлдыз ағып,

Алма кезек тұяқ, тас жонылып дүр.

 

Қағыстырсаң үзеңгі зейнет үркіп,

Тізгініңді қағады бейнет іркіп.

Көңіл құштар өмірге ұлы аламан,

Көмбе –арман,

Жол – тағдыр,

Бәйге – тірлік.

 

Келешекке кемелді етер үлгі,

Ертеме кеш еңіреп жетеріңді.

Еске салып қапталдап қабырлардан,

Желеп-жебеп аруақ көтерілді.

 

Құйғытып-ақ, барасың, барасың-ау,

Бұғанасы қатпаған баласың-ау.

Бетің сипа, дұға қыл өткендердің,

Әлі жассың білмессің бағасын-ау.

 

Қас-қағымда қағанақ жарғаныңды,

Ұмытасың қуалап арманыңды.

Жөнелесің жел аяқ ол да жүйрік,

Шашқаныңмен жеткізбес бар малыңды.

 

…Атып тұрды ел кіргендей қақпаға доп,

Ешқайсысы тәртіпті сақтаған жоқ.

Қура басы ұлар шу болды-кетті,

Жауға жаяу шапқандай қаптаған топ.

 

Көз ұшынан көрінді аттың шаңы,

Рас болса жалғанда Хақтың бары,

Сақта мына, сақтай гөр, ессіз жұртты,

Шыққалы тұр, шыққалы сақтың жаны.

 

Жатыр біреу міңгесіп бір кісіге,

Даяшы жүр ақырып мың кісіге.

Қырғын соғыс…

Біреуді біреу түртіп,

Бүйірінен жармасты дүрбісіне. (Бақытбек Бәмішұлы. «Бай Бұлғын жерім-ай», Алматы: Нұр-принт, 2008 жыл)

Толғау қысқартылып алынды.

 

 

Advertisements

Responses

  1. Keremet olen eken

    • Рахмет, Алтынгүл.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: