Posted by: yesengul | Маусым 15, 2008

Менің өмірбаяным (жалғасы)

Жайлау

 

Жетім көл

 

ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасырдың басына дейін Моңғолияның батыс өлкесі – Баян-Өлгийде тірлік еткен біздер жартылай көшпелі тірлікті бастан кешірдік. Неге екенін қайдам жаз шыға біз жайлауға шығуға қамданатынбыз. Жайлау қыстаудан 30 шақырым қашықта, көлдің жағасында орналасқан. Көл жағасының жер бедері де өзгеше, жартылай шөлейт, құмдақ дала. Көз ұшында мұнартып Моңғол Алтайының сілемдері көрінетін. Маңдайымды шығысқа тірегенде, қолымның сол жағында ұзыннан-ұзақ созылған қара барқын тау болды. Биіктігі де әжептәуір. Қия бетке қарағай-шырша аралас өскен. Қойны-қолаты бұлақ, арасан еді. Осы беткейді үш түрлі атпен атайтын – Жалпақ қарағай, тік қарағай және сулы қарағай. Менің дүние есігін ашқан мекенім – Сулы қарағай болған екен. Бұл жерге менің жолым тек 1998 жылы ғана түсті. (Бұл жайында кейінірек әңгімелейтін боламыз).

 Ауылымыздың әкімшілік атауы да осы көлге қатысты қойылған. Баяннуур сөзін – қазақшаласақ «Байкөл» деген ұғымды білдіреді. Демек «көлге бай» мекенде тірлік етеміз. Көлдің тереңдігін де, көлемін де білмеймін. Көзбен қараған адамға әжептәуір үлкен. Оның айналасында тағы екі көл бар. Бірі – батысында, қамысты көл деп атайтынбыз. Екіншісі – оңтүстігінде, Сасық көл. Әкем біздің өзлкенің тарихынан жақсы сыр шертіп отыратын. Сондай әңгімелерінің бірі – Сасық көлге қатысты еді. 

Ертеректе Сасық көлдің қамысы өте бітік шығатын болыпты. Құс біткеннің мекеніне айналған екен. Біздің көлде құстың неше түрі болатын. Соның ішінде  құс төресі қос аққу көлдің сәнін енгізіп, ерекше бір салтанатқа бөлейтін. Бұның  өзі табиғаттың тұмсалығынан хабар берсе керек. Бір қызығы, біздің өлкеде аққу көп еді. Баяннуурдан шығысқа қарай жол тартқанда Олоннуур деген мекен бар. Бұнда үлкен көл жоқ, бірақ, бірнеше көлшік бар еді. Олоннуур сөзі – «көп көл» деген мағынаны білдіреді. Біз Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласына жол тартып бара жатып, осы Олоннуурдан да аққуды талай көрген болатынбыз. Өлгий мен Ресей екі ортасын жалғап тұрған Цагааннуур деген шекара аймақ бар. Оның қазақшасы – Ақ көл. Жергілікті жұрт Цагааннуур сөзінен гөрі Ақ көлді жиі, тіпті мүлдем пайдаланады деуге болады. Осы Ақ көлге бір жылдары жолым түсіп еді. Тағы да аққуды ұшыраттым, жолда.

Жазда көлге аққуды көру үшін де ынтығатынбыз. Иен тегін жатқан айдынды жеке өздері ғана иеленетін қос аққудың салтанат құрған кезін айтсаңызшы. Бір қызығы, қос аққу көп жылдар бойы балапан ерте алмады. Тек, біз бері көшетін жылы ғана 10 балапан ертті. Оның сырын әкем былай түсіндірді: «Қамысты көл» дегеніміздің бұрынғы аты «Кішкене көл» еді, керісінше, Сасық көлді – Қамысты көл дейтінбіз. Қамысы жайқалып бітік шығатын. Құстың базары тарқамай, ертелі-кеш азан-қазан болатын да жататын.

Бір жылы жазда Қасқырбай деген аңшы дала тағысының соңынан түседі. Барлығымыз көл жағалай отырған едік. Астындағы аты да болдырған, алдына салған бөрі де шаршаған көзі қып-қызыл қанталап кеткен Қасқырбай көрінді тау жақтан.

– Ойбай, Қасқырбайды қара, алдына түз тағысын салып алыпты. Биыл мал мен жанға тиіп, жайсыздандырып тұр еді, жарықтық, Қасекеңнің шеңгелінен құтылмайын деген екен, – тәрізді әңгімелер жан-жақтан гуілдей естіліп, ауыл тайлы-таяғы қалмай бұдан кейінгі оқиғаның қалай өрбитіндігін бақылауға көшті.

Қасекеңнің өзгеде шаруасы жоқ. Құнығып, есіл-дерті алдындағы құрбандығына ғана ауған. «Бұтаға қорғалаған» торғай секілді, тілі  салақтап, жүні үрпиіп, жаны мұрнының ұшына келген арлан Қамысты көлге қойды да кетті. Қамысы пана болар деген шығар. Бірақ, көзі қанталап кеткен Қасекең де қайтпайды екен. Қамысқа от қойып жібергені.

Бірақ, соның залалын көл тартты. Қамыстың түбі шіріп, сасып кетті. Маңайына жан жуымайтындай болды. Қайтып қамыс өспеді. Сөйтіп, көл жетім қалды. Біз көлдің бұл басынан қоныс аударып, келесі басына барып қонатын болдық. Ондаған жылдар Кішкене көлдің қамысы жетілмей, бітік шықпай, Аққу балапан ерте алмады. Өйткені, аққу жұмыртқасын қамысқа салады. Қамысы бітік өспегеннен кейін, оның жұмыртқасын толқын шайып кетіп, балапан ерте алмай жүрген себебі де сол еді, – деп аяқтады әкем әңгімесін.

Бала болсақ та үлкеннің әңгімесіне құлақ түріп өскенбіз. Мұқият, зейін сала тыңдадым. Көз алдыма әлі күнге дейін ашудан сақылдап кеткен, көзі қанталап, алдына тау келсе де қопаруға дайын тұратын әлгі аңшы елестейді де тұрады. 1990 жылдың жазында қос аққу он балапан ертті. Мама аққу мен ата аққу балапандарын ертіп көлдің бетіне сурет салып, күн етекке қарай еңкейгенде айдынға шығатын. Ешқандай әдебиеттен дәл осы суретті бейнелеген, осы көркемдікті дәлме-дәл суреттеп берген үзіндіні кездестірген жоқпын. Менің балалығымның бір үзік суреті болып, көз алдымда қалып қойды.

Advertisements

Responses

  1. Жақсы екен бірақ көркемдеу керек.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: