Posted by: yesengul | Қыркүйек 5, 2008

Жолсапар

Сәлем, құрметті достар!

Жаз өтіп, күз келді. Жаздың 2 айы демалыспен, қыдырумен өтті. Сөйтіп қайта жұмысқа кірісе бастадық. Менің Моңғолияға барып қайтқан сапарым «Түркістан» газетінде басылды. Дегенмен, сіздердің назарларыңызға сол жолжазбамды ұсынуды жөн көріп отырмын.

БАЙӨЛКЕДЕН КӨШ КЕЛЕДІ

 

 

Кезекті демалысыма қол жеткізгеннен кейін, біз отбасымызбен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына сапар шегуді жөн көрдік. Оның әрине өзіндік себептері жетіп артылады. Біріншіден, біз осы аймақтың тумасымыз. Екіншіден, мұнда қаймағы бұзылмаған қазақы тірлік әлі сақталған. Үшіншіден, біз туып өскен мекеннің 70 жылдық мерей тойы.

Жолдар

 

Шілденің 12-сінде Талдықорған қаласынан шығысты бетке алып, «Мицубиси-монтеро» джипімен жолға шықтық. Жол алыс, жер шалғай. Моңғолия тарапы осы бір тығырықтан шығудың оңтайлы жолын ұсынғалы біраз болған. 1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілген күннен бастап, Баян-Өлгий мен Алматы немесе Астана арасын жақындатуға болатындығын сол кездегі Баян-Өлгий аймағының әкімі болған Мизамхан Күнтуғанұлы жеткізген еді. Содан бері де 16 жыл зымырап өте шықты. Дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайы өткізілді. Моңғолияның президенттері Қазақстанға бірнеше дүркін ресми сапармен ат басын бұрды. 2005 жылғы Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайынан кейін Баян-Өлгий – Өскемен маршрутын қысқарту ісі қолға алынып, Қазақстан жағы жол салуға кірісіп те кетті деген ақпарат жеткен болатын. Бірақ, неге екенін қайдам бұл жолдың құрылысы әзірге тоқтап тұр. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Ресей тарапы бұл іске құлшыныс танытпай отырған секілді. Бұл жолдың бағыты Өскемен – Лениногорск және Ресейдің Алтай Республикасының Устькан ауданы мен Шүй жазығын басып өтпек. Егер, бұл жол салынатын болса, арақашықтық 400 шақырымға қысқарады екен.

Жақында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда ресми сапармен болған Елбасы Назарбаев пен Моңғолия президенті Н. Энхбаяр арасындағы келіссөздерде осы жол мәселесі айтылмай қалған жоқ. Қазақ президенті қазақ диаспорасының шағын болса да, бір шоғыры отырған Баян-Өлгий аймағымен арадағы алтын көпірді жалғауға уәдесін берді.

Сонымен Алматыдан тұп-тура 2000 шақырым қашықтықтағы жолды басып өтуді мақсат тұттық. Жол – сол елдің экономикасынан хабар беретіндігі мәлім. Жолдың өзі саясат. Шетелдік инвесторлар мемлекеттің даму қуатын жолына қарап айқындайтын көрінеді. Бүгінде елімізде ірі магистральда жүргені үшін көліктің барлық түріне салық салынатын болғаны мәлім. Біз осы сапарымызды үш мемлекеттің жолын басып өттік. Алматы-Өскемен күре жолы бізді Ресеймен бөліп тұратын шекараға алып барды. Алматыдан Үшаралға дейінгі жол іркіліссіз, жамап-жасқаса да, ойлы-шұңқырсыз. Яғни, республикалық маңызы бар күре жолдың Алматы облысына қарасты бөлігінің сипаты жақсы. Ал, Шығыс Қазақстан облысының шекарасына өткеннен кейін Өскеменге дейін көлігің де, өзің де қиналасың. Өйткені, жол бойы ой-шұңқырдан қашумен әлектеніп, терің шығады екен. Әсіресе, Аягөз бен Жарма ауданы арасындағы 200 шақырымның қияметтің қыл көпіріндей болғаны анық. Керісінше, Өскемен мен Шемонайха бөлігі тақтайдай тегіс сүрлеу. Шығыс Қазақстанда жолдардың сапасы кетіп, сиқы қашқандығы туралы «Сәкеннің Барқытбелі» атты мақаламызда да айтқан болатынбыз. Демек, жолдар сол мемлекеттің ғана емес, сол мемлекеттің ішіндегі жекелеген аймақтың да экономикасының көрінісі екендігі осының айғағы.

Жолдың төресін Ресей шекарасына енген соң көрдік. Моңғолияға бізді Ресейдің Алтай Республикасының жолдары апарады екен. Әсіресе, шыңырау шыңға шығатын Чекатаман асуының әсемдігі көз сүйіндіреді. Экономикалық деңгейі жағынан Ресейдің кейбір көрсеткіштерінен асып кеттік деп мақтанатын біздер жол салуда Ресейдің маң қарасын да көре алмайтындығымыз айқын болды.

Ресей мен Моңғолия шекарасын Алтай Республикасының Қошағаш ауданының Ташанта деген шағын ауылы мен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Қызыл үй ауылы бөліп тұрады. Ресей территориясы аяқталғаннан кейін, кәдімгі қара жол басталады. Экономикалық дамуы жағынан да, халқының саны жағынан да  төменгі көрсеткішті көрсететін Моңғолия 3 Франция сыйып кететін алып территориясына жол сала алмай келе жатқан мемлекеттің бірі. Қызыл үйден кейін алдымыздан көп ұзамай қазақтар Ақ көл атап кеткен Цагааннуур ауылы көрінеді. Цагааннуур мен Өлгий арасы 100 шақырым. Осы екі аралықтың 30 шақырымына асфальт төселіпті. Жол жаңа, әрі сапалы жасалған. Қалған 70 шақырымын асфальтпен әрлеуге мүмкіндіктері жетпей жатқан көрінеді.

Демек, біз басып өткен үш елдің экономикалық даму қарқынын жолына қарап айыратын болсақ, талай жыл үстемдік еткен, әлі де империялық көзқарастан айыға алмай келе жатқан метрополия – Ресейдің жолдарына аса мән беретіндігі байқалады. Қазақстан да жол мәселесін үнемі назарда ұстап келе жатқаны белгілі. Дегенмен, Алматы-Өскемен бағытын қосатын ірі жолдың өзі қиқаңдатып қойса, ауылдарды қосатын шағын жолдар туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болатын сынды. Ал, Моңғолия жол салуды енді қолға алып жатыр. Бұнда оларға Жапония мен Ресей инвесторлары көмектеседі екен.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: