Posted by: yesengul | Қыркүйек 12, 2008

Жол сапар (жалғасы)

Шекара

 

2000 шақырымды жүріп өткеннен гөрі Кеден бекетінде көзіңіз көгеріп сабылғаныңыз жаныңызға қатты батады екен. Қазақстан мен Ресей арасындағы Кеден бекеті Шығыс Қазақстанның Шемонайха ауданымен іргелес орналасқан. Кеден деген аты болмаса, мұнда бір-екі ғимараттан өзге ештеңе жоқ. Ал кеденнен өтуге кезек күтіп сабылған машиналардың санында есеп жоқ. Таңертеңгі сағат 10-30-дар шамасында келіп маңдайымызды тіреген кеденнен кешкі сағат 21-00-да өттік.

Мұнда ешқандай қызмет көрсету орталықтары жоқ. Тек  азық-түлік сататын бір кішкентай «вагончик» тұр екен. Аты «Визит» деп аталады. Біз мұндағы сатушы келіншектерді сөзге тарттық.

– Кеденде күн сайын осындай ұзын-сонар кезек бола ма? – деп едім, сатушы:

– Сіздер демалыс күндеріне тап келдіңіздер. Шекаралас ауылдардағы Ресей азаматтары Өскеменнің Глубокое көліне демалуға барады. Бұлардың содан қайтып келе жатқан беті. Былайынан басқа күндері машина санаулы ғана болады, – деп жауап берді.

Кешкі сағат 16-30 шамасында Қазақстан кеденіне ендік-ау, әйтеуір. Сондағы тексеретіні бар болғаны машинаның іші, адамдардың төлқұжаты. Төлқұжатыңа «шекара асты» деген мөр басылады екен. Тек осы үшін бір машинанға 1-1.30 сағаттай уақыт жұмсалады. Бұның себебін кедендегілерден сұрап білудің мүмкіндігі жоқ. Тек байқағанымыз, екі кеденнің де өткізгіш мүмкіндігінің аздығы. Бұнда жұмыс істейтін адамдардың саны 4-5-тен аспайтын сынды көрінді. Төлқұжатты тексеруге бірі кіретіндерді, екіншісі шығатындарды – екі-ақ адам отыр. Қазақстан кеденіне келгенде, көңіл құлазытқан мәселе – ешқандай адрестің көзге көрінбегені. Қайдан кеп, қайдан тұрғаныңды білмейсің. Бірақ, мұнда Кеденге лайық жақсы ғимарат салыныпты. Ресей кеденінде керісінше, ғимараты жұпыны, мұнда да төлқұжат тексеруге бір-екі адам ғана отыр. Ал, шекарадан шыға бере «Российская Федерация» дегені ірі тақтаға көзіңіз түседі. Яғни, Қазақстан кеден құрылысына ерекше мән берсе, Ресей мемлекетінің атын айғайлатып жазуды басты нысанаға алған екен. «Қазақстан» деген сөз кеден ғимаратының маңдайында ғана тұр.

Осы орайда мен өркениетті мемлекеттердің шекарасындағы жағдай қалай екен деп ойладым. Әсіресе, бір минутты алтындай көретін Еуропа елдері бір-бірімен қалай қатынайды екен. Әрине, «Шенген визасы» мемлекеттерінің өзара белгілі бір келісімі барын білемін. Бұл елдердің азаматтары бір-біріне  өзара визасыз қатынайды. Алайда, шекараны бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Кім болса, соны өткізу де қиын. Ендеше кеден ісін оңтайландырудың өзге амалдары қарастырылмай ма екен? Жалпы, Ресей мен Қазақстан шекаралық қарым-қатынастар, кеденнен өткізудің ортақ тәртібі жайында талай рет жиын өткізгені белгілі. Тіпті, былтыр шекара аймақтардың өзара ынтымақтастығы жайында өткен сондай жиындардың біріне екі ел президенттері Путин мен Назарбаев та қатысқан болатын. Украина, Ресей, Белоруссия, Қазақстан – төрт мемлекет бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК)  құруды жоспарлағанда да, осы Кеденнен өткізудегі қиындықтарды бір жақты етуді мақсат еткен. Дегенмен, бір-бірімен қоян-қолтық араласып отырған Ресей мен Қазақстан кеденіндегі жағдай осылай болса, Ресеймен алакөздік танытып отырған өзге мемлекеттердің кедендік мүмкіндігі қандай екен? Оны біз бажайлай алмадық.

 

 

ТАУЛЫ АЛТАЙ

 

Ілдалдалап,бір күнімізді беріп, Ресей территориясына аяқ бастық. Ресей отаршыларының басып алған Алтай Республикасының аумағы, Сібір. Алтайский крайдің орталығы Барнаул, Бийск қалаларын басып өткеннен кейін, Таулы Алтай аумағына өтеміз. Төрт мемлекет тел емген, осы үшін жан алып жан беріскен – аса көркем Алтай аймағы. Қазақстан Алтайы аяқталысымен Ресей Алтайының қойнына енесіз. Табиғаты малынып тұр. Қарағай, емен, шырша – ағаштың түрі өседі. Ресей осы Сібір ормандарының арқасында дүниежүзінде ағаш қоры жағынан бірінші орынды алады. 6000 ірі өзеннің дені Сібірде. Тасты қашап, тауды бөліп салынған жолдар, жолдағы сансыз өзен мен бұлақтар, табиғаттың аса бір шырынын, сөлін сығып алып Сібірге бере салғандай әсерде боласыз.

Бір қызығы – Ресей алтайлықтардың ұлттық рухын аяусыз жаншып, бас көтеруіне мүмкіндік бермегеніне қарамастан, жер атауларының барлығы алтай тілінде сақталыпты. Әйгілі Қатын өзенінен бастап, бұндағы ірілі-уақты өзендердің барлығы алтай тілінде. Түркі-моңғол тілдері алтай тілдер тобына жатқызылатындығы белгілі. Демек, алтай тіліндегі атаулардың барлығын қазақ атауындай қабылдадық. Өйткені, жанымызға жақын, тілімізге түсінікті.

Алтай Республикасы аумағымен бір күн жүріп, Ресейдің Таулы Алтай өңіріндегі қазақтардың мекені Қошағаш өңіріне кешкі  сағат 5-6-ларда жақындадық. Қошағаш өлкесімен сыңғырлаған бұлақтар да, сыңсыған ну орман да сап тиылады. Алда Моңғол Алтай жоталары. Мәңгілік мұз басқан, табиғаты аса қатал, жартылай шөлейт өлке. Ташанта ауылына кешкі сағат 7-лерде ат басын тіредік. Қазақстан мен Ресей кедені демалыссыз 24 сағат қызмет етсе, Моңғолия мен Ресей арасындағы кеден таңғы сағат 9-да ашылып, кешкі сағат 18-де жабылады. Түскі үзіліс 12-ден14-ке дейін. Демек, мұндағы іс тіпті қиын деуге болады.

Ташантада шамамен 15-20 үй бар секілді. Көз жүгіртіп қарағанда сондай әсер қалдырды. Қошағаш ауданының қазақтары тірлік етеді. Тұрмыстары жұпыны секілді.

 

ТАҒЫ ДА ШЕКАРА

 

 

Таңғы сағат 9-да кеден ашылғанымен, түскі 12-ге дейін 3-4 машина ғана жіберілді. Ресей шекарасынан өткеннен кейін, Моңғолия шекарасына дейін бейтарап зона бар. Оның өзі 20-30 шақырымға созылады екен. Біз жеткенше, Моңғолия кедені Қызыл үй де түскі үзіліске тарс жабылыпты. Сағат 14-тен кете есігін ашқан мұндағылар да біздің төлқұжатымызға мөр басып бергеннен арыға барған жоқ. Бір қызығы – екі мемлекеттің шекарасы, екі мемлекеттің кедені дегені болмаса, әр кеденде қазақтар отыр. Ташантадағы кеден қызметкерлерінің шамамен 70-80%-ы қазақтар көрінді. Қызыл үйде де солай. Алайда, барлығы өз мемлекеттерінің ресми тілінде сөйлейді. Бізбен бірге жүрген бір келіншекке Ташантадағы қазақ қызметкер бірдеңелерді орысша айтып еді, түсінбей, қайыра қазақша сұрады. Алайда, түсін суытқан бойы ол бізге бұрылып «орысша жөн білетін адам бар ма?» деп сұрады. Амал жоқ араласуға тура келді. Баян-Өлгийдің Қызыл үй кеденінде де сондай. Қазақтар бізбен өздерінің ресми тілінде қатынаспақ ниет танытты. Бірақ, біз қазақша сөйлегенімізден танбадық. Олар амалсыз қазақ тіліне көшті.

Сөйтіп, Талдықорғаннан шыққалы 4 күнімізді жолға беріп (оның екеуі шекара күзетумен өтті) Баян-Өлгий аумағына ендік.

Қайтарда да шекарада осылай бөгелдік. Тағы да алтын уақытымыз кеден бекетінде күтумен жоғалды.

 

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: