Posted by: yesengul | Қыркүйек 20, 2008

Жолсапар (жалғасы)

Өлгий

 

«Туған жердің қар-мұзы

Аязыңмен жуындыр» деп көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлы айтқандай туған жердің салқын самалымен тыныстап келеміз. Маған мына адыр, мына қырдың бәрі таныс. Алтайдың солтүстік-шығысы.

Жері қуаң, табиғаты құбылмалы, қоңыржай белдеуде орналасқан аймақ. Қыста мұнда аяз 40 градусқа дейін жетсе, жазда күн 20-25 градусқа дейін ысиды. Жауын-шашын аз болады. Халқының негізгі күн көріс көзі мал. Егіншілікпен айналысатын ауылдар аз. Бұл өлке ал қызыл тауларымен ерекшеленеді. Жерінің түсі де тарғыл, өсетін өсімдіктері де шөлейт аймақтарға тән бұта-бүрген. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, шөлейт аймақтың шөбі шүйгін, топырағы құнарлы болады екен. Сол себепті де мұнда мал бағуға қолайлы. 2 миллион халқы бар Моңғолияның 50 миллион мал басы барлығы мәлім. Дегенмен, соңғы жылдардағы әлемдік азық-түлік дағдарысы Баян-Өлгийге де жетіпті. Зат бағасы күрт қымбаттаған. Бұрын біздің ақшамен 3 мың теңге тұратын қойдың бағасы бүгінде 10 мыңға дейін өскен.

Моңғолияның ұлттық валютасы – төгрөг. 10 төгрөг 1 теңгеге тең келеді. Баян-Өлгий Моңғолияның Батыс қақпасы болғандықтан да шығар, жергілікті халық  Қытайдың юанымен, орыстың рублі және қазақтың теңгесімен сауда жасай береді екен.

Өлгий – Баян-Өлгий аймағының әкімшілік орталығы. Мұнда шамамен 30 мыңнан астам халық тұрады. 95-97%-ы қазақтар. Моңғолиядағы соңғы әкімшілік өзгертулер нәтижесінде Өлгийдің қала статусы жойылып, ауылдық деңгейге жеткен. Дегенмен, Баян-Өлгийдегі қазақтардың әкімшілік орталығы болып табылатын бұл қалада Қазақ музыкалы-драма театры, байланыс орталығы, Өскемен мемлекеттік университетінің Баян-Өлгий аймақтық филиалы, Қазақ-түрік колледжі және оншақты орта мектеп бар.

1965 жылдан Баян-Өлгий қазақтарының үні болып келе жатқан қазақ радиосы күніне бір сағат хабар таратады. Радио қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Баян-Өлгийде халықпен тұрақты қауышып тұрған жалғыз ақпарат құралы осы екен. Өйткені, бүкіл мемлекет көлемінде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ақпарат құралы да осы қазақ радиосы. Оның өзі тарату жиілігінің қысқарғаны себепті алыс ауылдарға жетпейді.

Нарық заманында барлық ақпарат құралдары бәсекелестікке төтеп беру мақсатында, өз күндерін өздері көре бастаған. Бұл сынаққа төзе алмағандары Баян-Өлгийдегі қазақ ақпарат құралдары. 1940 жылдан шығып келген «Жаңа өмір» газеті соңғы жылдары «Жаңа дәуір» болып өзгергенімен, оқырманымен тұрақты қауыша алмайды екен. 1957 жылдан бері ғылыми-әдеби альманах ретінде жарық көретін «Шұғыла» журналының биылғы жылы екі саны жарық көріпті. 

Біз Баян-Өлгийде болған кезімізде бірінші болып осы ақпарат орталығына бас сұқтық. Мұнда көрерменімен күніне 1 сағат қауышатын теледидар да белгілі бір себеппен жұмысын тоқтатқан екен. «Жаңа дәуір» газеті мен «Шұғыла» журналының редакциясы бекітулі тұрды. Бізді тек радио қызметкерлері ғана қарсы алды.

Баян-Өлгийге қазақ газеттері мен журналдары келмейді. Олардың көз қуанышы болып отырғаны тек қазақстандық телеарналар. Эфирінің 50%-дан астамын орыстілді бағдарламалар иеленетін қазақ телеарналарының барлығы дерлік мұнда спутник арқылы көрсетіледі екен. Сондай-ақ, 24 сағат қазақша сөйлейтін Үрімжі телеарнасын да тамашалай алады. Алайда, Үрімжі телеарнасының төл туындылары тым аз, көбі қытай тіліндегі хабарлардың аудармасы екен. Мұнда қытай идеологиясы жүріліп жатқандығының куәсі болдық. Бұл телеарналар Өлгий қаласының тұрғындары мен Баян-Өлгиймен жапсарлас бірнеше ауылдың көзайымына айналып отырғандығы мәлім. Ал алыс ауылдарда мұның бірі де жоқ, яғни халық ақпараттық вакуумде тірлік етеді десек те болады. Баян-Өлгийдегі қазақтардың тең жарымы сол алыс ауылдарда тұрады.

Баян-Өлгийдің қол жеткізген ең ірі табысы – телекоммуникациялардың дамуы. Біріншіден, мұнда интернет арзан әрі оңай қосылады екен. Егер, сіз біздегі мегалайн-хит секілді тарифке қосылсаңыз, айына 2000 теңге абоненттік төлем төлеп тұрады екенсіз. Әрі қосылғаныңыз үшін модем тегін сыйға тартылады. Екіншіден, ұялы телефон байланысы, қалааралық телефонмен сөйлесу тым арзанға түседі. Өлгийден байқағанымыз – мұнда заттың бағасы тым жоғары. Тіпті, кейбір тауарлардың құны Алматының бағасынан да асып түседі екен. Бірақ, соған қарамастан, сервис, қызмет көрсету арзан.

Өлгий көшелеріндегі негізгі қатынас тілі – қазақ тілі. Өзге тілде, әсіресе, жергілікті моңғолдардың тілінде сөйлесу үрдісі тым көзге түсе қоймайды. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақшаға судай. Бұрынғыдай емес қалада қызмет көрсету орталықтары, демалыс орындары көбейіпті. Бәрінің аты қазақша. Дәл осындай үрдісті біз Қошағаш көшелерінен байқаған едік.

Іс-қағаздарының барлығы моңғол тілінде жүргізілетініне қарамастан, жалпы аймақ бойынша 36, Өлгийдің өзінде 5 қазақ мектебі бар. Қазақ-түрік және педколледж қазақ тілінде мамандар даярлайды. Өскемен мемлекеттік университетінің Баян-Өлгийдегі филиалында да сабақ қазақ тілінде жүріледі.

Рухани тұрғыдан алғанда, Баян-Өлгийдегі 150 мың қазақтың істеп отырған ісін, әрине, Ресейдегі 1 миллион қазақ тындырған жоқ. Бұған біріншіден, Баян-Өлгийдің қазақ ұлттық аймағы деген статусы себеп болса; екіншіден – қараорман халықтың қаймағы бұзылмаған қазақы тірлікті сақтап отырғандығы да әсер ете алды. Сол себепті де бүгінде Баян-Өлгий қазақтарының қаламынан туған шығармалар, өнер туындылары, өнер мен ғылымға қосқан үлесі шексіз. Бірақ, қазір мұнда сәл де болса рухани даму тоқырап тұрғанға ұқсайды.

Advertisements

Responses

  1. Бұл мақалаңызбен Мәссаған сайтында танысып, өзімді қызықтырып жүрген көп ақпараттармен танысып, пікір жазған едім. Керемет жазғансыз, Есенгүл!!!

  2. Рахмет, Тоты. Ешқандай пікір болмай алаңдап жүр едім. Сенің пікіріңді оқып қуанып қалдым.

  3. rahmet Esengul apay!
    Bayan-Olgeydegi kiz uzatu resmi turali surastirmagansiz au shamasi, bizde Kazakstannan kop bolek otedi, tagi barip jatsaniz kiziktarsiz! Isterinizden tabis kutemin!

  4. Рахмет, Әсем. Баян-Өлгийден қол үзген 18 жылда, ол жақтағы ерекшеліктерді білмей қалғанымыз рас. Тағы бір жолым түскенде, қыз ұзатуға қатысуға тырысамын.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: