Posted by: yesengul | Қазан 30, 2008

Республика күнін қалай тойладым?

Күн артынан күн жылжып, ай артынан ай жылжып, Қазақ егемендік декларациясына қол қойғалы да 18 жыл зымырап өте шығыпты. Ең қуаныштысы, осы бір тарихи сәтте мен Қазақстан табалдығырын аттап үлгерген едім. Саясаттың салқынынан ештеңе түсінбейтін бойжеткен шағым.

әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетінің (ол кезде Сергей Миронович Кировтың атында еді) есігін имене аштық. Бір қызығы сол кездегі ұстаздарымыз  -тарих пәнінің мұғалімі де, өзгелер де Қазақстанның КСРО құрамында болса да, егемендік декларациясын қабылдағаны туралы жұмған ауыздарын ашпаған еді. Қоғамда бір үрей бар. Желтоқсан шындығы Кремль сахнасында айтылып, оған деген көзқарас өзгере бастағанына қарамастан,  зиялы қауым ол туралы айтудан әлі де қорқатын секілді. Дәл сол жылы болар, 17-18 желтоқсан күндері бізге студсовет келіп, жастар Желтоқсан оқиғасын еске алу үшін алаңға жиналып жатыр. Бірақ, бұған үкімет рұқсат еткен жоқ. Алаңға барам десеңдер жүріңдер деді. Желтоқсанның маңызын әлі сезіне қоймаған мен ол кісіден «Желтоқсан туралы айтып беріңізші» дедім. Ол кісі: «Қонаевты алып тастап, орнына Колбинді әкелді. Соған наразы жастар алаңға шықты. Бірақ, жастардың талабы ескерілмеді. Оларды аяусыз басып жаншыды» деді қысқаша ғана. Бұған дейін еміс-еміс естіп жүрген әңгімем де осы болатын. Шын мәнісінде қазақ қоғамында ол кезде Желтоқсан жайында бұдан өзге ақпарат жоқ еді.

Бірақ, жастарда ерекше серпіліс, өзгеше жігер бар-тұғын. Олардың бойынан империяға деген өшпенділік, жылдар бойы өздерін қор санап келген аға халық өкілдеріне деген ыза-кекті байқайтынмын. Дәл осы жылдары қазақтың азаттық идеясы, ұлттық рух серпінді болды. «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» қозғалыстарын осы кезең тудырды. Баспанасыздардың ереуілі жемісті болып, билік оларға қала маңына баспана тұрғызуға жер берді. Алайда, күндер өте келе осы бір рух жаншылды. Неге екенін, қоғам басқа арнаға түсті. Ерекше бір серпіліс тудырған ұлттық қозғалыстар қожырай бастады. Ақыр аяғында өзара кикілжіңмен тарады. Бұның ақыры не болды? Көріп отырсыздар, 18 жылдық егемендік, 17 жылдық тәуелсіздік тарихымызда ескегі жоқ қайық, темірқазығы жоқ жұлдыз, іргетасы жоқ ғимарат секілдіміз. Қайда бет алып барамыз. Қандай қоғам құрып жатырмыз. Елдің егесі кім? Мемлекет құраушы ұлттың үні неге құмығып естіледі? Неге күні бүгінге дейін отарлаушы елдің тілінде сөйлегенімізге масайраймыз?

Өзінің қағынан жеріген қазақтай ұлтты мен осы күнге дейін көрген емеспін. Бізде орыстардан қалған жаман мінез бар. Өзгелерге менсінбей қарау. Бірақ, біз өзімізді де ұлық тұта алмаймыз. Орыстардаың алдында құрдай жорғалаймыз, ағылшын мен неміске төрімізді, қытайға қоңымызды беруге дайынбыз. Алайда, өзімізден төмен-ау дегендерге тағы да мұрын шүйіреміз. Түсініксіз. Біз сол мұрын шүйіре қарайтын елдерден де үйрену қажеттігін ескермейміз. Мәселен, өзбектерді қоңсы қондырғымыз келмейді. Өйткені, олардың күн көріс деңгейі бізден әлдеқайда төмен, 2,5 миллион ғана халқы бар, далиған даласы, кеңпейілі бар, кедей ел Моңғолияны бойымызға теңегіміз келмейді. Бірақ, бұл мемлекеттердің бір артықшылығы бар. Олар – өздерінің ұлттық құндылықтарын әспеттеп, ұлттың дамуына баса назар аударып, тілдерін мемлекеттің төріне шығара білген елдер. Бұл мемлекеттерде «өзбек мәселесі», «моңғол мәселесі» деген жоқ. Керісінше, бізде «қазақ мәселесі» бар. Олардың бағыты айқын, темірқазығы алда, іргетасы мығым. Ал, Қазақстандағы өзге ұлттың шекпенін жамылып күн көрген, өзгені ұлықтап өзін қор сезінген қазақтардың (олар барлық қазақтың кем дегенде 35%-ын иеленеді. ал, Қазақстан халқының тең жарымы мемлекеттік тілде сөйлемейді), құдай бетін аулақ қылсын, егер ел басына күн туса, қасқайып қарсы тұра алатынына сеніміңіз кәміл ме? Мен қорқам.

Жыл сайын, тәуелсіздік мейрамын тойлау жаңа жылдың тасасында қалып қояды. Жаңа жылдың жарнамасы бір ай бұрын жүріледі. Орталық алаңдарда ең әуелі шырша тігіледі. Тәуелсіздік көп тойлардың бірі ретінде елеусіз аталады. Әлі күнге дейін көптеген адамдардың бойында тәуелсіз рух пен сана қалыптаспаған. Біз Моңғолияда жүргенде 11 шілде бүкілхалықтық мейрам ретінде тойланатын. Бұл Моңғолдардың тәуелсіз дербес ел атанған күні. Олай болмаса да, мен солай түсінемін. Өйткені, сол күні мұндағы халықтардың бойында тек қана мерекелік көңіл-күй ғана емес, сонымен қатар ұлттық рух болатын. Ұлт рухын әспеттетудің кереметтей үлгісін танытатын. Мемлекеттік мейрам – ұлттық ойындармен ұштасатын. Ұлттық рухпен қаруланып өскен ұрпақ өз елінің шынайы патриоты бола білетін. Ал, бізде ше?

Білмеймін. Өзге түгілі, мемлекеттік қызметте отырғандарымыздың бойында мемлекетшілдік сана жоқ. Ұлттық тарихқа деген біртұтас жаңаша көзқарас қалыптаспай келеді. Мекемелерге барсаңыз, Абылай ханның портреті Назарбаевтан төмен тұрады. Немесе мүлдем болмайды. Кеңес одағы көсемдері өздері бар кезде ұлықталып, өмірден өткен күні Кеңес тарихынан сызылып тастаушы еді. Біз де сол үрдістен аса алмай отырған тәріздіміз. Мемлекеттің, ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолында аямай тер төккен тұлғаларды ұлықтау жағынан өзбектерден үйренеріміз көп. Әмір Темірдің қылышынан қан тамып, жарты әлемді жаулағаны рас. Бірақ, өзбектер оны пір тұтады. Өзбекстанда болғанымда, ондағы қазақ мектептерінде Қазақстанның бір оқулығын оқытуға тиым салғандығын естідім. Өйткені, ол оқулықта Әмір Темірді жауыз деп сипаттайтын көрінеді. Ал, біз орыс мектептерінде қандай идеология жүріліп жатқанынан бейхабармыз. Өзбектер не оқытып жатқанын білмейміз. Бүгінгі ұйыған тыныштықтың тас-талқанын осы жат тілде, жат идеологияда тәрбиеленіп жатқан жастар шығармасына кім кепіл.

Бұл әңгімелердің айтылуына Республика күнгі Алматының  қайрансыз тірлігі себеп болып отыр. 25-қазанда ауылдан келген әке-шешемді алып, бала-шағамды ертіп Ескі алаң мен Республика алаңын сүзіп шықтым. Ұлық мейрамды тойлайын деген мақсатпен. Алаң қаңырап бос жатыр. Кім біледі кешке қарай, қарақұрым халық келсе келген шығар. Өз басым ештеңе көре алмадым. Ата-бабаларының тойына еселеп қаржы шашатын шенеушіктер Республика күнін атап өтуге, алаңды тиісінше безендіруге қаржы таппай қалған ба, түсінбедім. Қалай дегенмен де, Алаш үкіметінің 90 жылдғын елеусіз өткізген, Қазақ хандығының 550 жылдығын еске алмаған билік енді тарихымызда сиясы кеуіп үлгірмеген айтулы даталарымызды да ұрпақа санасынан өшіргісі келді ме екен? Бармағымды шайнап үйге қайттым…

Advertisements

Responses

  1. Алып-қосарым жоқ. Өте әсерлі етіп жазыпсыз, Есенгүл!
    …*Қайнаған қазақы тіл бүлкілінде…* деген
    жолдарды бір жас ақынның өлеңдерінен оқып едім… Сіздің мақалаңыздан да дәл сондай жүрегі ҚАЗАҚ деп шыққан *Жанайқайды* естігендеймін…
    Шығармашылығыңыз тек биік шыңдардан көрінсін!!!

  2. Рахмет, Тоты. Бұл бүгінде жүрегі қазақ деп соққан әрбір адамның зығырданын қайнатып жүрген мәселе деп ойлаймын.

  3. Salemetsiz be!
    Rahmet sizge,osyndai makalalardy kop jazu kerek dep oilaimyn.
    Meninde kanym karaiady ozinin ana-tilinen jelkengenderge. Ultynyn bolashagyn oilagan patriottar bar dep oilaimyn,bolashagymyz jarkyn bolgai.Siz biz bolyp bas kosu kerek,atam kazak aitpaima «jumyla kotergen juk jenil»,»birlik bolmai tirlik bolmas» dep.

  4. Рахмет, Айшуақ!
    Бірігіп бір жобалар бастауға шақырамын.

  5. Салеиетсің бе аяулы қарындасым. Күнделігіңді оқыдым. Жақсы екен бұдан да жақсы жазуыңды тілеймін. Анада барғанымда кітәбіңдң бермедің оқысам болатын еді. Оқасы жоқ тауып оқырмын. Ағаңның өлеңдерін оқыған шығарсың. Өз ойыңды айт, хат жаз. Әрқашан тілеатеспін саған.

  6. Сәлеметсіз бе, Байыт аға. Оқып пікір жазғаныңыз үшін рахмет. Кітабыңызды қарап, оқып шықтым. Өлеңдеріңіз маған ұнады. оқиды-ау деген біраз адамға тараттым. Рахмет, сізге.

  7. Kyrmetti Yesengul…….Ortaga salgan Oilarin Dyris…….Birak ta El bolamiz degenge El Basi – President jane Halik Okilderi – Parlament Alga basu kerek Halikti…….

    Maselenin Barligi sonda – 18 jil boii Kim sonsha Yzak Yakit Eldi Dyris Jolga Baskargan…..? Balik – Basinan Shiridi……Oz Elin Ymitip – Tek Ozine , tek oz balalari men Tuistarina taratkan Eldin Bailigin……

    En Basti – Bizdin Elde Patriottik Jok emes – BAR……birak ta…..Bilik Jok…….jane Yrilardi Ystauga Mymkindik Jok…….

    TENGE Paida Bolganda…Esinde me….? Kansha Yakit Auildagi Kazakh BARTER men gana aman esen bolip shilti……..Haliktin jigan tergen akshasinin Barin – Jana Okimet……Jep Yrlap aldi…….odan son Kobeie Yrlik Bastaldi – Privatizaziya kezinde….Ne Kaldi Sorli Kazakhka….???????? Sonin barin Ale de Halik Bilmeidi……..Oni Tarih Kitabinda Korsetpeidi……..

    Kaida kazakhtin Namisin Korgaitindar – Aitatindari Otirik – Sumelek Yri Korsegizar arasinda……..???? Yrliksiz El El Bolmaidi……..!!

  8. Рахмет, Гүлнар апай. Негізінен біздің қоғамды сауықтыратын бір бакцинация керек-ақ боп тұр.

  9. Салемет пе, Айнагүл қарындасым! Ия, көп ойларға қосыламын…
    көп мәселелерді мен де айтып жүрмін, оны http://www.elrayi.kz сайтынан Авторлар\ Серік Сапарғали дегенді ашсаңыз мақала, интервьюлерде көресиз… Осы е-майлмен хабарласуыңызды сұраймын; SerikS.Sapargali@mail.ru

    • Саламатсыз ба, Секе. Сіз мені Айнагүлмен шатастырдыңыз-ау деймін. Әйтпесе, менің атым Есенгүл.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: