Posted by: yesengul | Қаңтар 3, 2010

Әкем – асыл жар, ардақты әке, аяулы ұстаз, көрнекті ақын

«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» дейді қазақ. Ұзақ науқастан кейін әкем 76-дан 77-ге қараған шағында бақилық сапарға аттанды.  Өте ақжарқын, бауырмал, ақ көңіл жан еді. Онбала тәрбиелеп өсіріп, он кітап жазып қалдырып кетті.Былтыр тамыз айында әкем мен анамның үйленгендерінің 50 жылдығын атап, мәре-сәре қуанышқа бөленген едік. Жыл өте әкемізбен мәңгілікке қош айтысамыз деп ойладық па, сірә.

Әкем, қарапайым ғана еңбек адамы. Ол кісі бір минут қарап отыра алмайтын. Үнемі ізденіс, шабыт үстінде болатын.  Ол кісі – ең әуелі, асыл жар, ардақты да құдыретті әке. Содан кейін – ұстаз, ақын.

Әкем – 10 бала тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысының тәрбиесіне, оқуына ерекше мән беретін. Мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қалт жібермейтін. Сорнау 1979 жылдың суық көктемі әлі есімде. Әкем мені өз қолымен мектепке жетектеп әкелді. Бұл кезде мектеп оқушылары бір айға демалысқа кететін. Бұл мерзім мал төлдейтін кез болғандықтан, ауылдағы малшылардың  балалары сақманға көмектесуі үшін жасалған жағдай. Осы сәтті пайдаланып, мектепте дайындық кластары ашылатын. Осы дайындық класына беру мақсатында әкем мені өзі жетелеп алып келді. Мұғаліміміз – Қуанған ағайға мен туралы айтып жатыр. Ең басты тапсырғаны, менің өзіне тартқан солақай екендігім және мені оңқай жазуға мәжбүрлемеуімді өтінді. Сабақты өте жақсы оқи бастаған менің 3 класс жылы сабағым күрт төмендеп кетті. Өзім де байқаймын, біртүрлі салғыртпын. Көбейту таблицасын толық жаттамағандығым үшін сабақта бір күні кешке дейін қалып та қойдым. Ол жолы 4-тің таблицасын сұрап құтылып кеттім. Бұны өзгеден бұрын әкем байқапты. Қасына алып үш күн емтихан алды. Әкем балажан ғана емес, сонымен қатар қатал еді. Әкемнен ыққанымнан көбейту таблицасын демде жаттап алдым. Содан кейін сабаққа салғырт қарамайтын болдым.

6-кластан бастап әкем бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Дәл осы пәнге балалардың ынтасы ерекше еді. Өйткені, әкем балаларды ертегі айтып ынтықтыратын.

– Кәне, балалар үй тапсырмасы дайын ба? Кім маған айтып береді екен? Өткенді тез пысықтап, жаңаны жылдам игерсек, мен сендерге ертегі айтып беремін, – дейтін. Ертегі десе қай бала жанып түспесін, сабақ барысы да жылдам өтетін. Ертегі де аяқталмай қалатын. Әдемі ертегінің соңын келесі сабаққа қалдырып, үйге тапсырма беретін. Ертегіге өзге балалардан қарағанда, мен қанық болып өстім. Әкем үйде бізді де үйіріп алып неше түрлі қызықты ертегілер айтып беруші еді. Кейбір ертегілерді  ойынан құрастырып айта беретін.

Сол секілді Дәулеткерейді де өзі баулыды. Өзі термелер жазып беріп, домбыраға қосқызып айтып жүріп, ақындық деген жолға түсуіне бағыт-бағдар берді.

Әкем үйде 10 бала тәрбиелесе, түзде мыңдаған баланың ұстазы атанды. Біз туып өскен Баяннуур өлкесінің тумаларының көбі о кісіні – «мұғалім» дейді. 1995 жылдан 205 жылға дейін аттай 50 жыл ұстаздық қызметпен айналысты. Моңғолияның білім беру ісінің үздігі атанды. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін де ұстаздық қызметін ары қарай жалғастырды. 1994 жылы ШҚО Үржар ауданының Көкөзек ауылына келіп, мектеп директорына жолыққанда, «Сіз орысша білмейсіз ғой, бізде іс-қағаздары орысша жүргізіледі. Оны атқара алмайсыз» деп шығарып салыпты. Сол жылдары көкөзек ауылының мектебінде қазақ кластары енді ғана ашылып жатқан кез екен. Кейін осы мектептің толықтай қазақшалануына әкем зор еңбек сіңірді. Мектеп ішілік көрнекілі құралдардың барлығын әкем көркемдеп жазып, іс-қағаздарының қазақшалануына ерекше үлес қосқан.  Өзінің осы бір жарқын ісін кейін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, баласы Тәттімбетке үйретіп кетті. Көкөзек ауылының мектебіне кіріп барғанда, әкемнің қолтаңбасы көзіме оттай басылды.  2005 жылы мектеп ұжымы әкемді қимастықпен зейнетке шығарып салған болса, күні кеше жер қойнына да қимай тапсырды. Ел алдындағы қадір-қасиетінің ерекшелігі де көңіліңе медеу екен. Әкем «Халық педагогикасының негіздері»  атты методикалық нұсқаулық  жазып, Семей облыстық  Білім департаменті мақұлдап, Үржар аудандық 19 мектепке балама құрал ретінде таратылған.

Әкем, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жиыны – 10 кітаптың авторы. Қазақстанға келгеннен кейін, «Қос ішек», «Кәрібоз», «Арпагер», «Тпудай болғым келеді» атты жыр жинақтары жарияланып көпшіліктің көңілінен шықты. «Таудай болғым келеді» кітабы балаларға арналған. Балалар ақыны Тұманбай Молдағалиев әкемді «Балалар әдебиетінің классик ақыны» дегені әлі есімде. «Балдырғанға «әкем өлеңдерін апарып беретінмін, «Әкең нағыз балалар ақыны екен, балалар әдебиетінің классигі» деген баға беріп отырмын деді. Кейін Дәулеткерей үйленгенде, ел алдында дәл осы ойын қайталаған болатын. «Арпагер» кітабына алғысөз жазған Несіпбек Айтұлы әкемді «Ақынның поэмасы халқымыздың қанатты тұлпарын жырлаған Ілияс ақынның дәстүрін әрі жалғаған жұлдызды дүние екен» деп баға берген еді. Әкем жастайынан атбегі болған адам. Белдеуніне жорға мен жүйрік үзілмеді. Ең соңғы жорғасы – Тайқызыл атанған Көк жорға да біз көшіп кеткеннен кейін де біраз жыл қара үзіп алдыда келіп жүріпті. Сондықтан болар, тұлпарлар туралы жырлары бір төбе.

Әкем осының бәрін тек жалғыз қолымен тындырып келді. Осыдан 20 жыл бұрын, 1987 жылы әкемнгің 54 жасында біз Мараа деген жайлауды жайладық. Шырт ұйқыда жатқан бізді таң бозынан боздаған ананың зарлы дауысы оятты. Әкем орнынан атып тұрып сыртқа шығып тың тыңдады. Біреулердің дауысы шығып, әкеммен тіл қатысқаны естілді. сөйтсек, түн ішінде үйінен шығып кеткен 3 жасар қыз бала жоғалып кетіпті. Зарлаған ана сол қыздың шешесі екен. Әкем жалма-жан атқа қонды. Күн әжептәуір көтеріліп, шаңқай түске таяп қалған мезгілде біз төменгі жақта өзен жағасында ойнап жүргенбіз. Әкемнің астындағы Сары ат атанып кеткен жүйрігі әлденеден үркіп, осқырынып келе жатты. Бәріміз шу ете түстік. Қайдан сап ете түскенін ағам Тәттімбет бір қапталдан жетіп келді де, Сары атты шылбырынан ұстап алып, жетелей жөнелді. Біз үйге жүгірдік.  Сөйткенше болған жоқ, бір қолын асынып әкем де жетті. Ол кісіні қаумалап-қоршаған адамдар, «ештеңе етпейді, балалар. Әкелеріңнің астындағы аты үркіп, жығып кетті. Қолын сәл ауырсынып қалды»  деді. Әкемнің жүзінен қиналғаны байқалмайды. Сабаз. Үйге кіргеннен кейін күртесін шештім. Сонда көрдім оң қолының шынтақтан төменгі сүйектері бірінен кейін бірі сылқ-сылқ түсіп жатыр. Көзімнен ыстық тамшылар борап кетті. «Жыламаңдар, балалар» деп қояды келген адамдар.  Бала табылыпты. Баланың табылуына әкем жол сілтеген екен. Жұрт сабылып өзеннің жағасын жағалап, суға кетіп қалды деп судан іздей беріпті. Сонда әкем айтыпты, «өрелі ат пен жоғалған бала тек өрлей береді. Өрге қарай іздейік» деп. Әкемнің кеңесіне құлақ асып, өрге қарай шұбырған топ, бір ізге түседі. Ол ізге үңілген әкем «бұл жас баланың ізі, осы ізден айырылмаңдар» депті. Сөйтіп, әкемнің нұсқауымен өрлеп кеткен сәби табылады. Керісінше, әкем бір қолынан айрылды. Қайыспай 23 жыл бойы жансыз қолды көтеріп жүрді. Бірақ, қолымнан айрылдым деп қарап жатқан жоқ. Екіә жылдан кейін жорғаға да өзі шапты, мұғалімдікке де қайта араласты. Ең бастысы ақындықтан қалған жоқ.  Туадан солақайлығының пайдасы осындайда тиді. Осы бір жанкештілігі үшін Моңғолия үкіметі әкемді «Әділет жолында» орденімен марапаттады.

Әкем мектептен босағаннан кейін бір жола жазуға бет бұрған еке. Анам айтады: «Таңғы 5-те тұрып жазуға отыратын. «Шаршайсың ғой, ұйықтасаңшы, сосын жазбайсың ба?» десем, «Жазып үлгеруім керек. Уақыт аз» деп жауап беруші еді» деп. Яғни, бір тықырдың таянғанын сезген-ау, сірә. Бірақ, соңғы 6 айда қолына қалам ұстай алмады. Жазудан қалғанының өзі біз үшін үлкен қасірет болғаны рас. Үш поэманы бітіре алмапты. «Халықтық педагогика негіздері» атты нұсқаулығын үлкен бір том етіп жазыпты. Әрбір қолжазбасын сондай ұқыптылықпен хаттап, реттеп, нөмірлеп қойған екен.

Соңғы барғанымызда бізге бірдеңе айтуға оқталды. Өзінің 31 рет бәйгенің алдын бермеген «Алаяқ» аты туралы поэмасын бастап қойған екен. Оқып бермек болып еді. Шаршап әлі келмеді. Өзіміз оқыдық. Сол қалпы, ары қарай жалғастырмаған екен. Күні кешегідей күлімдеген көзқарасы көз алдымда. Алладан сабыр, медет тілеп, дұға оқығаннан өзге қолымыздан келер қайран не? Бақұл бол, әке, жатқан жерің жаннатта болсын!

Advertisements

Responses

  1. Арты қайырлы болсын

    • Рахмет, айтқаның келсін.

  2. Сіздей ұрпақ тәрбиелеп өсірген әкеңізге Аллаһ разы болсын! Көпке үлгі болатындай әкеңіздің өнегелі ісін әрі қарай жалғастыратыныңызға сенімдімін. Аллаһ әрбір істеріңізге берекесін берсін. Қазаның арты қайырлы болсын!

    • рахмет, Асхат. Маған демеу боп, көңіл білдіргендердің барлығына мың да бір рахмет.

  3. Оқып шықтым. Әкеңіз жақсы адам болыпты. Қазаның арты қайырлы болсын!

    • Рахмет, Мақпал. Айтқаның келсін.

  4. Арты қайырлы болсын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

  5. Рахмет.

  6. «Тумак бар да, өлмек жоқ» деген рас екен ғой. Мықты болыңыз! Әкеңіздің жасамаған өмірін сіздер, бала-шағасы жасасын!

  7. Иә,сіздің ата-анаңызды сонау Өлгий жерінде,әлі атамекенге оралмаған шақтарда-ақ қазақ жұртшылығы жақсы танитын еді. Өмір жолын бала тәрбиесі мен білім саласына арнаған әкеңдің қазасы тек отбасы емес, халық үшін де ауыр. Дегенмен, он бала тәрбиелеп жеткізді, артында қаншама мұра-қолжазбалары қалды. Атамекеніне келгеннен кейін де,қарап жатпай, қаншама іс тындырды. Жасамаған жасын сіздерге берсін! Бекем болыңыз,Есенгүл апай!

  8. Рахмет, Тоты.

  9. Әр сөйлемді тебірене оқып шықтым. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді емес пе. Сіздің әкеңіз шыбықтан шынар өсірді. Енді жұмақтың бағында сол шынардың саясында рахатқа кенелсін. Сіздер жалғасысыздар…
    Қазаның арты қайырлы болсын. Аллаһ артында қалған балаларына ұзақ ғұмыр берсін.

  10. Рахмет, Жазира. Рахмет. Алла разы болсын!

  11. Өмір барда қаза да бар ғой. Сабырлы болыңыз! Қайғыңызға ортақпын.

    Түркістанға жазғандарыңызды үнемі оқып тұрамын. Қаламыңыз мұқалмасын, ісіңізге сәттілік тілеймін.

    • Рахмет, жазбамды қайта оқып, әкемді еске алып, көізмді жасқа шылап отырмын.

  12. Есенгүл, сәлем! Бүгін ойда жоқта сайттан сенің күнделіктеріңді оқыдым. Біріншіден, қазаның артының қайырын берсін. Қайғыңа ортақтпын. Әкеңнің асыл қасиеттерін тізбелеп жазған мақалаңды ерекше тебіреніспен оқып шықтым. жалпы сенің газеттегі жазбаларыңды оқып тұрамын. Жірналистен жақсы филолог шыға қоймайтынын, ал филологтан жақсы журналист шығатынын дәлелдеп жүрсің, қаламың ұштала берсін! Бұл кім деп отырған боларсың, курстасың Бекзат Динаева. Қазір мен Астанадамын, келгенде хабарлас, тел.8-7013151511

    • Рахмет, Бекзат. Есіме түсіп отырсың. Астанада болсам міндетті түрде хабарласам.

  13. Қандай керемет адам болған әкеңіз! Сондай асыл жанның тұяғы-сізге өмірдегі бар жақсылықты тілеймін!


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: