Posted by: yesengul | Маусым 19, 2010

ЖОҚТАУ

Қазақтың ұмытылып бара жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі – о дүниенің қонағы болған адамын жоқтаумен қайтпас сапарға шығарып салу. Данышпан Абай бұл туралы:

Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады ол?

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай-елең-селең, – деген еді.

Қазір қаралы шаңырақтарда жоқтау айту үрдісі байқалмайды. Осы аптада жақын қайна атам о дүниелік сапарға аттанды. Жаны ізгі, көңілі сергек, ақынжанды бекзада жан еді. Бақыт екеумізді туған балаларынан кем көрмейтін. Бізді мақтан етіп, әрбір жақсылығымызды асырып, кемшілігімізді жасырып жүретін.  Бақыттың рухани әкесі бола білген кісі еді. Жаны жаннатта болғыр атамызды соңғы сапарға қимай аттандырдық.

Айтайын дегенім, ауылдағы үлкен-кіші апа-абысын, келін-кепшек, қыздардың бұл жолы дауыс шығаруы аз болды. Үлкен-үлкен қариялардан өзге «жоқтау» айтқан жастар болмады. Бұған дейін менің өзім де жоқтау айта алмайтынмын.  Былтыр қыста әкемнен айрылғанда, жанынан ерек көретін «жекеменшігі» бола тұра бір ауыз көріс айтпай қалай тұрайын, көңілімдегі әкеме деген іңкәр ойларымды шығарып, бір жеңілдегенмін. Қазір сол шумақтарды қағаз бетіне түсіруді жөн көріп отырмын:

Дүние, шіркін, тар ма екен,

Ернеуі кетік жар ма екен?

Айналайын, әкем-ай,

Өзіңдей асқақ бар ма екен?!

Дүние, шіркін, тар ма екен.

Армансыз пенде бар ма екен,

Әкемді алған құдай-ау,

Жақсыларға зар ма екен?

Бір Аллаға жылайын,

Көзімнің жасын бұлайын,

Айналайын әкеме,

Жұмақтан орын сұрайын.

Асқақтап тұрған тауым ет,

Арайлап атқан таңым ет.

Иманды болсын, әкешім,

Дұғамды Алла қабыл ет.

Түтінін тіктеп жат елдің,

Атанып жары Бәкеңнің.

Жүрсем-дағы жырақта,

«Меншігі» едім әкемнің.

Жүрегі толқып елжіреп,

Ботадай көзі мөлдіреп,

Алдымнан менің кім шығар,

Солақай қызым келді деп.

Он бала баптап өсірген,

Қателігін кешірген

Он кітап жазып қалдырдың,

Кетпейсің елдің есінен.

Өзгеден ерек дара еді,

Ақылы асқан дана еді.

Аңқылдаған жүрегі,

Көңілі пәк жан еді.

Бәйтерегім сұлады,

Асқар тауым құлады.

Әкешімді ойласам,

Қабырғам менің сынады.

Асқақтап тұрған тауым ет.

Арайлап атқан таңым ет.

Қайтейін, әке, қайтейін,

Сабыр ет, көңіл, сабыр ет.

Қош аман, әке, қош аман,

Көңілімді қайтем босаған.

Қос босаға – біреуің

Аман болсын от анам, – көбі есіме түспей отыр. Ал, қайны атам о дүниелік болғанда, қыз келіндерінің ешқайсысы дауыс шығармағаннан кейін, мен жақсы көретін атамды о дүниеге өлеңмен аттандыруды жөн деп таптым:

Ерен еді айтқан үкімің,

Келісті болды күтімің,

Айналайын атам-ай,

Бөлек еді бейне-бітімің.

Мәуелеп тұрған бәйтерек,

Жан едің-ау сен де ерек.

Өзгенің жөні бір бөлек,

Өзіңнің жөнің бір бөлек.

Ақылшым едің, дара едің.

Төле биге пар едің.

Бір ауылды үйірген

Қамқоры ерек жан едің.

Қамшымның сабы ұзынды-ай,

Көңілім неден бұзылды-ай.

Айналайын, атам-ау,

Көруші еді мені қызындай.

Әуелеп ұшқан ақсұңқар,

Қанатымен жер сипар.

Алыстан аңсап келгенде,

Маңдайымнан кім сипар?

Асқақтап тұрған тауым ет,

Арайлап тұрған таңым ет.

Қайтейін ата, қайтейін,

Сабыр ет, көңіл сабыр ет.

Қош аман, ата, қош аман,

Көңілімді қайтем босаған.

Қос босаға тіреуі

Аман болсын от анам.

P.S. «Тумақ бар да, өлмек парыз» дейді қазақ. Бірақ, сол қазақтың ғасырлар қойнауынан келе жатқан жақсы дәстүрлерінің жыл озған сайын өшіп бара жатқаны өкінішті. Келер ұрпаққа аз да болса тәлімі бола ма, деген оймен осы бір жазбамды күнделігіме қойып отырмын. Айып етпессіздер.

Advertisements

Responses

  1. «жоқтау»қазақ ауыз әдебиетінің үлкен бір жаныры еді.алайда сол салт қазақстанда ұмыт қалумен қатар «исслам дініне жат,алла ісіне қарсылық қылғандық,шаманизим қалдығы» деп біздің салт дәстүрімізге,тіпті өнерімзге де иссалам дінін қарсы қоятын діни секталар шықты.олар исслам дінін өркениетке қарсы қою арқлы асыл дінді құбыжық ретінде көрсетіп жатқанын ойламайды.»қазақ салт дәстүрі» десең кафір деп үкім айтатын деңгейдегі адамдар шығабастады.
    міне осылай заман да келді…

    • Иә, бұл дұрыс емес. Мен де «мұсылман болу дегеніміз – араб болу емес» деп айтамын. Араб – өз даму жолы бар, өз дәстүр салты бар ел, егер оның бүкіл салт-дәстүрін ұстанатын болсақ, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақтың салт-дәстүрлерін қайтеміз.

  2. мен сізге бір қызықты айтайын.Алматыда жазушы Жақсылық Сәмит ұлы қайтыс болсып,жетісіне Алтайдан бір топ шалдар келеді.сол кезде үйдегі апамыз көріс айта жөнеледі ғой.Көбен деген ағамыз жүрегі ұстап қалып сыртқа шықса екі қазақ әйелі терезеге құлағын салып тыңдап тұр дейді.
    сосын көбеі
    балалар не істеп тұрсыңдар десе ана келіншектер: қытайдан келген қазақтар адам өлсе олен айтады екен ,соны тыңдап тұрмыз депті.

    • Бұл енді, қасірет. Жүрегің ауырады. Бірақ, Үржарда бізбен амандасуға келген апалар да дауыс шығарып, көрісіп келді. Ол мүлдем ұмыт боп кеткен жоқ. Тек қана алматы маңайы ұмытып бара жатқаны болмаса.

  3. қызық та күлкілі жағдай!www.
    kokjal83.wordpress.com бұл баурыңыздың блогі келіп қонақ болып қайтыңыз!

  4. Еcенгүл амансыз ба, Ақтанай өсіп жатыр ма? Жоқтауға қатысты айтарым, біздің Қызылорда қазақтың қаймағы бұзылмаған жері болғанмен, 3 ауданда ғана ғана жоқтау айтылады Қалғандары жоқтауды өлең деп қабылдайды

  5. Осыдан 8 жыл бұрын 48 жасында анам қайтыс болғанда маған Дүйсенбек Аяшұлы деген ақын жоқтау шығарып берген Мен айтқанда елдің бәрі риза болды
    Арасында:
    Шуақты күні жастықтың,
    Шаттық орнына тас жұттым,
    Мойнымда қалған мың батпан
    Өтеуін қайтем ақ сүттің, – деп келетін шумақтары бар.

  6. Қаралы күнде жоқтау айтудың ешқандай әбестігі жоқ. Бұған ислам ешқандай қарсылық қоймаған. Құранда жоқтауды қатты айғайламай айту керек екендігі жазылған.Бірақ қатты айғайлау күпіршілік делінген.

  7. Сәлеметсіз бе, Есенгүл апай!
    Мұныңыз өте дұрыс болған, күнделігіңізді ғаламтор арқылы біздерге оқытқаныңызды айтамын. Мен де осындай жақсы жырларды оқып-үйренуге зәру болып жүрген жандардың бірі едім.
    Жақында екі бірдей әпекем қайтыс болды, мен болсам ешқандай жыр білмеймін. Енді жақында қырқына барамын. Сізде нағашы әпкелерге арналған жыр болса жазып жіберіңізші, өтінем Сізден!
    Сәлеммен, Райхан. Алматы қаласы. 11.06.2014ж.

  8. Əкеңізді жоқтаған сөздеріңіз жүректі елжіретіп,көңілді тербеп жіберді. Менде анамнан айырылып едим, сіздің жоқтауыңызды оқып ентігімді басалмай біраз шерімді тарқатты. Қазаның арты қайырлы болсын. Атаңыз бен əкеңіздің жатқан жери жарық болсын. Иманды болсын.

  9. салеметсизбе Гулжазира ананызга арнаган жоктауынызды жазып жиберинизши,анама уакыт болган еди ,енди 100 кундиги болатын еди. Киын болмаса

    • Кешіріңіз, менің анам әзірге аман. Сол себепті ондай жоқтау жазып бере алмаймыцн. Ол ырымға жаман

  10. Жақында ағамның 20 дағы баласы о дүниелік болды. Жеңгем сіздің жоқтауларыңызды оқыған екен, Сізден жоқтау жазып беруіңізді сұрайды.

    • Кешіріңіз, мен ондай дүниемен айналыса алмаймын!

  11. Жоқтау жазып бере аласыз ба

    • Мен позитивті мәселелерді жазғанды жөн көрем: Ренжімеңізші!


Пікір үстеу

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

Санаттар

%d bloggers like this: